Қозғалыс уақытша шектеліп, көлік қатынасы қиыршықтасты жол арқылы ұйымдастырылған
Алматы облысындағы республикалық маңызы бар "Кеген – Нарынқол" автожолдың бір бөлігі опырылып кетті, деп хабарлайды "ҚазАвтоЖол".
Республикалық маңызы бар жолдағы оқиға 3 сәуірде сағат 11:30 шамасында болған Жолдың 20-шақырымында еріген қар суын өткізу кезінде қолданыстағы су ағатын құбыр зақымданып, жол төсемі шайылып кеткен.
"Бұл учаске бұған дейін су тасқыны қаупі бар аймақтар қатарына жатпаған. Қазіргі уақытта бұл жол бөлігі орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты мердігер ұйымның қарауында", - деп хабарлады "ҚазАвтоЖол".
Қозғалыс уақытша шектеліп, көлік қатынасы қиыршықтасты жол арқылы ұйымдастырылған. Жағдай тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында. Қазіргі уақытта шамамен 20 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
"Жақын арада қиыршықтас төсемі бар уақытша айналма жол салу жоспарланып отыр. Су өткізу құбыры мен жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары еріген судың өтуі толық аяқталғаннан кейін басталады", - дейді компанияда.
Бұл учаске арқылы күніне 500 автокөлік өтеді. Айта кетейік, жол 1960–1970 жылдары салынған.
Дерек көзі: https://sputnik.kz