фото: www.pinterest.com/vadalein.deviantart.com
Шығыс күнтізбесі бойынша 2026 жыл – жылқы жылы. Ол тарихта қандай оқиғалармен есте қалды және ел үшін несімен ерекше? Наурыз мерекесі қарсаңында тақырыпты Kazinform агенттігінің тілшісі зерделеді.
Коллаж: Kazinform / Nano Banana
Тарихи оқиғалар
Тарихшылардың айтуынша, жылқы жылына қатысты түсініктердің қалыптасуына тарихи оқиғалар әсер еткен. Мәселен, кей деректерде бұл кезең Шыңғыс ханның Орта Азияға жасаған жорықтарымен тұспа-тұс келетіні айтылады. Бұдан бөлек, байырғы жұрт сауда-саттық пен көші-қон сияқты маңызды шаруаларды дәл осы жылға жоспарлаған.
– Қазақта «жылқы жылы алдыңда» деген мақал бар. Ол екі түрлі мағынада айтылған. Өзгерістерге толы болуы ықтимал. Жаңалық, жақсылық болуы мүмкін, – дейді тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы.
Фото: Тұрсынхан Зәкенұлы/ e-history.kz
Бұл сенімнің тамыры қазақ даласының көне тарихымен де сабақтас. Өйткені, Қазақстан – жылқы алғаш қолға үйретілген өңірлердің бірі. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті (б.з.д. 3700-3100 жылдар) жылқының тұңғыш рет қолға үйретілгенін дәлелдейді. Жылқының арқасында көшпенділер алыс қашықтықтарды бағындырып, әскери үстемдікке жетті.
Тікелей жылқы жылымен сәйкес келмесе де, тарихта осы кезеңдермен қабаттасып жатқан маңызды оқиғалар аз емес. Мәселен, 1870 жылы «Түркістан уәлаятының» газеті жарық көрді. 1930 жылы Түрксіб теміржолы ашылып, ел аумағында тұңғыш рет әуе қатынасы орнады. Ал 1990 жылы экономиканы нарықтық қатынастарға негіздейтін заңдар қабылданса, 2002 жылы Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтіп, Астанада «Бәйтерек» монументі бой көтерді.
Дәстүр мен ырымдар
Сонымен қатар жылқы қазақ қоғамының әлеуметтік өмірінде айрықша орын алған. Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық алуына алғаш барғанында ат байлау, соғыста жау қоршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп құтқару сияқты дәстүрлер жылқының тек көлік емес, әлеуметтік мәртебенің символы болғанын көрсетеді. «Атқамінер», «атқосшы», «атшабар» сияқты лауазым атауларының өзі оның қоғамдағы рөлін аңғартады.
Қазақ жылқысына арналған тұңғыш портал – Argymaq.kz сайтының бас редакторы Ержан Жаубайдың айтуынша, жылқыға қатысты ырым-тыйымдар халық өмірінде ерекше орын алады.
– Ананың құрсағынан бастап о дүниеге дейін жылқыға қатысты тыйымдармен өсеміз. Мысалы, босанатын әйелдің толғағын жеңілдетуге арналған «жылқы демі» деген дәстүр бар. Шапқылап келген жылқының иісін, демін иіскетеді. Жаңа туған баланы атақты адамдардың үзеңгісінен өткізген. Бұл – бала абыройлы азамат болсын деген ниеттен туған дәстүр, – дейді ол.
Фото: Ержан Жаубайдың жеке мұрағатынан
Журналист келтірген деректер жылқының қазақ дүниетанымындағы орнын тағы бір қырынан көрсетеді.
– Түркітектілердің құйымшағының үстінде, жаңа туған сәбиде көк таңба болады. Көбіне оны періште қаққан деп түсіндіреді, кейде тұлпардың ізі деп санайды. Атқа мінуге жараған кезде балаға арналған арнайы қауіпсіз ер-тоқым – ашамайға мінгізу, сүндет атына отырғызу сияқты дәстүрлер бар. Қазақта «Балаң ынжық болса, жылқы баққыз, балаң тентек болса, қой баққыз» деген мақал бар. Ол да атқа міну мәдениетін дәріптейді, – дейді спикер.
Қазақ ұғымында жылқы күнделікті тұрмыстың бөлігі ғана емес, өмір жолымен сабақтас қасиетті жануар саналған.
– Археологиялық қорымдар, әсіресе Берел мен Есік қорымдары оған дәлел бола алады. Бұрын батырлар мен ауқатты адамдарды жерлеу кезінде жылқыны қатар жерлеген. Ол бұл дүниеде жылқы адал қызмет еткендіктен, о дүниеде де серік болсын деген наным-сеніммен байланысты, – дейді ол.
Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform
Бұған қоса 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002 жылқы жылында туғандар биыл мүшел жасқа толады. Мүшелден мүшелге өтетін аралықтағы жас адамға қауіп-қатер жақындайтын, тән мен жанның өзгеріске ұшырайтын кезеңі деп есептелген. Қариялар мүшел жасқа толған адам сүйікті киімін біреуге берсе, келер жылға амандықпен өтеді дейді. Ал жылқы жылы туғандарға бұл жылы жылқыны бауыздауға болмайды.
Жылқы жылы дүниеге келген тұлғалар
Осы жылы дүниеге келген ұлы тұлғаларға назар аударсақ, жылқы жылының қазақ тарихы мен мәдениетінде айрықша із қалдырғанын аңғаруға болады. Дереккөздерге сүйенсек, қазақтың даңқты батыры Қабанбай (Ерасыл) да жылқы жылы туған. Сол сияқты қазақтың жыр алыбы Жамбыл Жабаев та осы жылы дүниеге келген.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіров те жылқы жылы дүниеге келген тұлғалар. Ұлттық өнер мен мәдениет тарихында өшпес із қалдырған шертпе күй шебері Төлеген Момбеков, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов, жазушы әрі қоғам қайраткері Әнуар Әлімжанов, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов та осы жылы туған.
Сондай-ақ қазақ руханияты мен әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан жазушы-драматург Дулат Исабеков, қаламгер Дүкенбай Досжанов, ұлттық мұраны зерттеген Ақселеу Сейдімбек, халық жазушысы Мұхтар Шаханов пен қоғам қайраткері Төлен Әбдік – төрт түлік төресінің жылы туған азаматтар. Таеквондо спортын дамытуға зор үлес қосқан Мұстафа Өзтүрік те жылқы жылы дүниеге келген тұлғалардың бірі.
Олардың өмір жолы жеңіл болмаған. Кейбірі зұлмат заманның қыспағын сезсе, кейбірі әділетсіздікке ұшыраған, кейбірі өз дәуірінен оза туғаны үшін қудаланған. Алайда олар ұстанымынан ешқашан бас тартпаған. Бұл – жылқы жылының табиғатына тән қасиет.
Жұлдызшылар жорамалы
Жұлдызшылардың болжамына сүйенсек, жыл тыныш, бірақ маңызды өзгерістерге толы болмақ.
– Жылдың стихиясы – от. Ол – жылдамдықтың, қозғалыстың, прогрестің символы. Сондықтан биыл барлық сала қарқынды дамиды, – дейді нумеролог Айман Жетпісбаева.
Фото: Айман Жетпісбаеваның жеке мұрағатынан
Сонымен қатар жыл реформаларды іске қосуға және жаңа басқару үлгілерін енгізуге қолайлы кезең.
– Бұл уақытта маңызды концепциялар мен стратегиялар қабылдануы мүмкін. Экономика үшін жыл қайта құрылымдау жылы болып саналады. Қаржы саласында белсенділік күшейеді, ал бизнес үшін жаңа жобаларды бастау тиімді болады, – деп түсіндірді нумеролог.
Оның айтуынша, от стихиясын көтеретін жандарға, яғни 1966-1967, 1976-1977, 1986-1987, 1996-1997, 2006-2007 жылдары туғандарға жыл сәтті болады. Сонымен қатар туған күн мен айдың қосындысы 1, 5, 6 немесе 8 шыққан адамдар үшін де бұл жыл қолайлы.
– Адамдардың көбісі тәртіпке келеді. Еңбекқор адам ақшаның қадірін біледі, қаржылық сауаттылық артады, көптеген адамның кредиті азаяды, – дейді нумеролог.
Сондай-ақ биыл ғалымдар мен IT мамандары өздерін көрсете алады. Жасанды интеллект пен цифрландыру қарқынды дамиды. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда, өзгерістер легі ауқымды болмақ.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через