Жоғалған қала

Жоғалған қала
фото: https://pixabay.com/

Ғалымдар Атлант мұхитының түбінен табиғаты ерекше, бұрын белгісіз болып келген гидротермалдық аймақты анықтады. Ол «Жоғалған қала» деп аталады.

Бұл нысан Орта Атлант жотасының батыс бөлігіндегі суасты тауының маңында орналасқан. Зерттеушілердің мәліметінше, «Жоғалған қала» Атлантида массивіндегі сілтілі гидротермалдық көздер алабы болып саналады.

Аймақтағы әктасты «мұнаралардың» биіктігі шағын құрылымдардан бастап, 60 метрге дейін жететін алып монолиттерге дейін барады. Ғалымдар бұл гидротермалдық өрісті алғаш рет 2000 жылы теңіз деңгейінен 700 метрден астам тереңдікте анықтаған.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл мұхиттағы ең ұзақ өмір сүретін гидротермалдық жүйе. Бұған ұқсас табиғи құрылым бұрын-соңды тіркелмеген.

Ғылыми деректерге сәйкес, соңғы кемінде 120 мың жыл бойы Жер мантиясы осы аймақта теңіз суымен химиялық реакцияға түсіп, мұхитқа сутегі, метан және басқа да еріген газдарды бөліп отырған. Ал жартастардағы жарықтар мен қуыстарда көмірсутектер оттегі жоқ жағдайда да жаңа микробиологиялық қауымдастықтардың тіршілігін қамтамасыз етіп келеді.

Бұл өңірде негізінен ұлулар мен ұсақ шаянтәрізділер мекендейді. Ал крабтар, асшаяндар, теңіз кірпілері мен угрь секілді ірі жануарлар сирек кездескенімен, олардың бар екені де тіркелген.

2024 жылы ғалымдар «Жоғалған қала» гидротермалдық алабынан ұзындығы 1268 метр болатын мантиялық жыныс кернін алып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді.

Мамандардың пікірінше, бұл керн миллиардтаған жыл бұрын Жер бетінде тіршіліктің қалай пайда болғанын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды дәлелдер ұсынуы мүмкін. Себебі минералдардың құрамында ежелгі геологиялық жағдайлардың ізі сақталған.

Ғалымдар «Жоғалған қала» көздерінде түзілетін көмірсутектер атмосферадағы көмірқышқыл газынан немесе күн сәулесінен емес, теңіз түбіндегі химиялық реакциялар нәтижесінде пайда болатынын атап өтті. Ал көмірсутектер тіршіліктің негізгі құрылыс блоктарының бірі саналатындықтан, бұл дерек өмірдің дәл осындай ортада қалыптасуы ықтимал деген болжамды күшейтіп отыр.

Дерек көзі:  nazarda_news