фото: https://pixabay.com/ru/users
Елімізде орта білім сапасын тәуелсіз бағалайтын ұлттық зерттеу орталығын құру мәселесі пысықталады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жауабында айтылған.
– Білім сапасын бағалаудың әділ көрсеткіштер жүйесін енгізуге, білім сапасын тәуелсіз бағалайтын ұлттық зерттеу институтын құруға қатысты Жыл сайын 9-сыныпты аяқтағаннан кейін оқушыларға аралық аттестаттау, ал 11-сыныпты аяқтағаннан кейін қорытынды аттестаттау жүргізіледі. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау шеңберіндегі кешенді тестілеу білім сапасының білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының талаптарына сәйкестігін бағалайды. Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жыл сайын мектептерде үш бағыт бойынша өткізіледі: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық. 2024 жылы білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг ұлттық құрал ретінде халықаралық аккредитация сертификатын алды, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, білім беру сапасы бойынша объективті нәтижелер алу мақсатында қазақстандық оқушылар халықаралық салыстырмалы зерттеулерге (PISA, PISA for Schools, TIMSS, ICILS, PIRLS) қатысады. Бұл зерттеулер оқушылардың оқу жетістіктері мен функционалдық құзыреттілектері туралы, атап айтқанда оқу, математика, жаратылыстану ғылымдары және ақпараттық коммуникациялық технологиялар салаларындағы деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
– Министрлікпен (Оқу-ағарту министрлігі) білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің құрамдас бөліктері болып табылатын ішкі және сыртқы бағалауды жетілдіру бағытында тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні республика бойынша білім сапасын бағалау және білім беру жүйесіне талдамалық сүйемелдеу функцияларын «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – орталық) жүзеге асырады. Аталған орталық қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, IEA, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік банк, Еуропалық білім беру қоры сияқты жетекші халықаралық ұйымдармен тұрақты серіктестік орнатып, білім беру саласындағы ұлттық талдау орталығы ретінде танылған. Тәуелсіз ұлттық зерттеу институтын құру жөніндегі ұсыныс белгіленген тәртіппен зерделеніп, қосымша пысықталатын болады, - деді Аида Балаева.
https://kaz.inform.kz/news
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через