фото: pixabay.com
Үкімет дәрілік заттар өндірісін оқшаулау жөніндегі төрт ірі инвестициялық жобаны іске асыру туралы келісімдерді мақұлдады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жобалар «АлтИНФАРМ» ЖШС, «МСП-РОМФАРМ» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС және «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ компанияларымен келісімдері шеңберінде іске асырылатын болады.
Бекітілген жобалар бойынша инвестициялардың жиынтық көлемі 173 млрд теңгені құрайды, шамамен 675 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Жаңа қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарда дәрілік заттардың 356 атауын өндіру жоспарланып отыр.
Төрт ірі зауыт Алматы қаласында, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарында орналасады.
Өндірістік желі онкологиялық және қант диабетін емдеуге арналған құралдарды, сондай-ақ иммунобиологиялық, вирусқа қарсы, анемияға қарсы, ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суыққа қарсы және микробқа қарсы препараттарды қамтиды. Сондай-ақ, халықаралық GMP стандарттарына сәйкес белсенді фармацевтикалық ингредиенттер мен биопрепараттар шығару көзделген.
Жалпы көлемде денсаулық сақтау жүйесінің дәрілік қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттырудың негізгі элементтерінің бірі ретінде 72 әлеуметтік маңызы бар дәрілік затты шығару жоспарланған.
- Бекітілген инвестициялық бастамаларды іске асыру қазақстандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін едәуір арттыруға, фармацевтикалық нарықтың импортқа тәуелділігін төмендетуге, дәрімен қамтамасыз ету ісін тұрақтандыруға, халықты отандық өндірістің қолжетімді және сапалы дәрі-дәрмектерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - делінген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі тартқан хабарламада.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через