фото: https://pixabay.com/ru/
Абай облысы әкімі Берік Уәли Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Тарбағатай округі партия комитетінің хатшысы, Тачен қаласының мэрі Чжи Сяньвэй бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлады облыстық әкімдік.
Кездесу барысында Тарбағатай округі мен Абай облысы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.
Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша облыстың тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларын құрап, жалпы сыртқы сауданың 85 пайызынан асты.
Мамыр айында облыс делегациясы Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Алтай қаласында өткен "Үлкен Алтай" субөңірлік ынтымақтастық конференциясына қатысып, 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойды.
"Біздің ортақ мүддемізге қатысты маңызды жобалардың бірі – "Бақты – Аягөз" теміржол желісінің құрылысы. Кеше ғана Бейжің қаласында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы мен "Чайна Коммюникэйшнс Констракшн" компаниясының президенті кездесті. Сол келіссөзде бұл жоба жан-жақты талқыланып, оның іске асырылу барысы бойынша нақты міндеттемелер қабылданды. Теміржол желісінің стратегиялық маңызы зор. Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты күшейтіп қана қоймай, бүкіл өңірдің транзиттік әлеуетін арттырады", – деді облыс әкімі.
Тарбағатай округы партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэй "Аягөз-Тачен" темір жол желісі мен Бақты кеден бекетінің өткізу пунктінің құрылысын жандандыруға, Алакөлде туризмді дамытуға, екі өңір арасындағы сауда-саттықты жолға қоюға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
"Делегация құрамында отызға жуық ірі компания өкілдері бар. Олар Абай облысына инвестиция құюға дайын. "Аягөз-Тачен" темір жол желісі бойынша бірлесе жұмыс істеуге әзірміз. Алакөлде қысқы туризмді дамытқымыз келеді. Бүгінгі кездесу Тарбағатай округі мен Абай облысы арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын. Сізді Тачен қаласына іссапармен келуге шақырамын", - деді Тачен қаласының мэрі.
ҚазАқпарат
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через