Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз

Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/kuppa_rock

Қазақстандықтар шоколадтың қымбаттағанын айтып, әлеуметтік желіде шағымданып жатыр. Олар әсіресе "Қазақстан" шоколадының бағасы қатты көтеріліп кеткеніне аң-таң. Расында шілде айында Қазақстанда кондитерлік өнімдер айтарлықтай, әсіресе шоколад – 28%, глазурьленген кәмпиттер – 13,9%, карамель – 6,0%, зефир – 5,1%, мармелад – 3,8% және халуа – 3,2% қымбаттап кеткен. Бағаның күрт өсуіне не себеп? Жергілікті компаниялар не дейді? 

Тәттілердің қымбаттауына не себеп?

Stan.kz тілшісі осы дерекке байланысты "ЛОТТЕ Рахат" және "Ақсайнан" компанияларына сауал жіберді. 

"ЛОТТЕ Рахат" дерегіне сәйкес, 2025 жылғы шілде айынан бастап кәмпит – 8%, шоколад – 10%, карамель – 5%, зефир – 5%, мармелад – 5%, печенье және вафля – 2% қымбаттаған. Компания тауарлардың қымбаттау себебін какао бұршағына белгіленген баға күрт өсуімен түсіндірді.

"Шоколад нарығында негізгі шикізат – какао бұршағына белгіленген баға күрт өсті. 2023-2024 жылдары негізгі жеткізуші елдердегі – Кот-д'Ивуар мен Ганадағы ауа райының қолайсыздығына, плантациялардың тозуына, ағаштардың ауруға шалдығуына байланысты аталған шикізатты әлем бойынша өндіру 11% қысқарды. Бұл факторлар шикізат тапшылығына және сатып алу бағасының үш есеге дейін өсуіне ықпал етті", – деп жауап берді "ЛОТТЕ Рахат" компаниясы Stan.kz-ке.


Жалпы алғанда бұл жағдайға какаоға қатысты әлемдік проблемалармен қатар логистикалық шығын, шикізаттың шетелден келуі және қамтамалардың қымбаттауы сияқты да себептер әсер етіп отыр. Компанияның сөзінше тәттілердің қымбаттауына:

1) ұлттық валюта құнының төмендеуі, яғни кондитерлік өнімдерді өндіруде қолданылатын шикізаттың негізгі бөлігі шетелден сатып алынатындықтан, өзіндік құнның артуы;
2) тасымалдау және сақтауға қатысты логистикалық шығынның кейінгі 5 жылда екі есеге дейін ұлғаюы;
3) көрсетілетін коммуналдық қызметтердің, қаптама материалдарының қымбаттауы сияқты факторлар да әсер етіп жатыр.

Қазақстандықтардың мұндай шағымына Magnum желісі де ой қосты.

"Бағаларға алаңдағаныңызды түсінеміз. Өнімнің бағасы көп факторларды ескере отырып қойылады. Оның ішінде жеткізушінің бағасы, логистика, сату алаңдарын жалға алу, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін сертификаттау бар. Біздің бөлшек сауда желісінде бірнеше өндірушілердің өнімдерінің кең ассортименті бар, сондықтан әрдайым өзіңізге ыңғайлы бағадағы өнімді таңдай аласыз", – деп жауап беріпті Magnum желісі тұрғынның шағымына.

https://stan.kz/