фото: pixabay.com
Медицина қызметкерлеріне қатысты жасалған қылмыстар шетелдерде аса ауыр құқықбұзушылық санатына жатқызылады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
kaz.inform.kz сайты жазғанындай, мәселен, АҚШ-та медицина қызметкеріне қол көтеріп, денсаулығына зиян тигізген адам 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мемлекеттік ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлерге қатысты құқықбұзушылық әрекет үшін федералды деңгейдегі жаза қарастырылған.
Ұлыбританияда дәрігерлерге дауыс көтеріп, балағаттағандардың өзін қылмыстық жауапкершілікке тартады. 2021 жылдан бастап бұл ел медицина қызметкерлеріне шапшығандарды 5 жылға түрмеге жабатын болды.
Ал Германияда дәрігерлердің мәртебесі мемлекеттік қызметшілермен теңестірілген.
Биылдан бастап Ресей Мемлекеттік Думасында да медицина қызметкерлеріне қатысты қылмыстың жазасын ауырлату мәселесі талқыланып жатыр.
Фото: Kazinform.
Ал Қазақстанда кейінгі кезде медицина қызметкерлеріне қатысты жайсыз оқиғалар, атап айтқанда ақ халаттылардың соққыға жығылуы жиілеп кетті. Таяуда Қазақстан Президенті медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолданғандарға жазаны қатаңдату жөнінде Үкіметке тапсырма берді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап бүгінге дейін, яғни 5,5 жыл аралығында Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлер мен басқа да денсаулық сақтау мекемесінің қызметкерлеріне қатысты 170-тен астам қылмыс жасалған. Сонда жыл сайын 30-дан астам жайсыз оқиға тіркеледі деп топшылай аламыз.
Қазақстанның Қылмыстық кодексінде тікелей медицина қызметкерлерін ұрып-соғу мәселесіне арналған баптар жоқ. Көбіне дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерін ұрып-соғып, құқықбұзушылық жасағандардың қылмысын «Дене жарақатын келтіру», «Бұзақылық» секілді баптармен қарайды, деп жазды kaz.inform.kz.
Түйіндер болсақ, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мәселесіне келгенде Қазақстан да дамыған елдердегідей ұстанымға көшіп отырғаны жөнді қадам саналады. Бұл - тек жекелеген мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету емес, елдің тұтас Денсаулық сақтау жүйесін қолдау ісі.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через