Спайкинг – адамның келісімінсіз оның сусынына, тамағына немесе өзге де жолмен қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекеті
Құрылтайдағы "Әділет" фракциясының депутаттары спайкингті бөлек қылмыс ретінде қарастыруды ұсынды, - деп хабарлайды «Сапалы Қазақстан» порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Депутат Айжан Аймағанованың айтуынша, спайкинг, яғни, адамның келісімінсіз оның сусынына, тамағына немесе өзге де жолмен қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекеті үшін жазаға тартуға болады. Бірақ бөлек қылмыс ретінде қарастырылмайды.
"Мұндай жағдайда жәбірленуші не болып жатқанын аңғармай, өзін қорғау және қарсылық көрсету қабілетінен айырылуы мүмкін. Спайкинг көбіне жыныстық зорлық-зомбылық, тонау және өзге де қылмыстар жасауға жол ашады. Қазіргі уақытта мұндай әрекеттердің жекелеген салдары үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Алайда адамның келісімінсіз қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекетінің өзіне дербес қылмыстық-құқықтық баға беру мәселесі толық реттелмеген", - деді Аймағанова Құрылтайдың бүгінгі отырысында.
Оның ойынша, мұндай әрекетке құқықтық баға беру үшін ауыр зардаптың туындауын немесе өзге қылмыстың жасалуын күтудің қажеті жоқ.
"Адамның келісімінсіз оған қауіпті зат енгізудің өзі дербес құқық бұзушылық ретінде танылып, қылмыстық жауаптылыққа негіз болуы тиіс", - деді ол.
Фракция депутаттары ішкі істер министрлігіне бірнеше ұсынысын да жолдады. Олар:
1.Криминология саласының мамандарымен бірлесіп спайкинг мәселесін жан-жақты зерттеу, оның таралу ауқымын, себептері мен салдарын анықтау;
2.Спайкингті жедел анықтау, токсикологиялық сараптама жүргізу және дәлелдемелерді сақтау алгоритмін әзірлеу;
3.Зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсету үшін полиция мен денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимылын жолға қою.
Бұдан бөлек, фракция сталкинг құрбандарын қорғаудың тиімді тетігін қалыптастырып, қудалаудың алдын алу мен оның жолын кесудің кешенді шараларын қарастыру қажет деп санайды.
Спайкинг – адамның келісімінсіз оның сусынына, тамағына немесе өзге де жолмен қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекеті.
Дерек көзі: https://sputnik.kz