5 қарашадан бастап Астана – Алматы және Астана – Семей бағыттарында Stadler пойыздарына билет сатыла бастады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Жолаушылар тасымалы
5 қарашадан бастап жаңа Stadler вагондарынан жасақталған №¾ «Нұрлы жол — Алматы-2» және № 153/154 «Нұрлы жол — Семей» пойыздарына билет сатылымы басталады. Алғашқы пойыздар елордадан Алматыға 11 қарашада, Семейге 13 қарашада жолға шығады.
Фото: Жолаушылар тасымалы
— Жаңа вагондардан жасақталған пойыздарды іске қосу Мемлекет басшысының жолаушылар вагондары паркін жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдап алды. Оларды кезең-кезеңімен пайдалануға беру жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Вагондар паркін жаңарту компания жұмысының негізгі бағыттарының бірі, — деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
Фото: Жолаушылар тасымалы
Жаңа вагондар еліміздің климаттық ерекшеліктері мен жолаушылар тасымалына қойылатын заманауи талаптар ескеріле отырып, Stadler Kazakhstan зауытында шығарылады. Купе вагондары 40, ал плацкарт вагондары 56 жолаушыға арналған.
Фото: Жолаушылар тасымалы
Вагондар ауа температурасын реттеу жүйесімен, әр орынға арналған жарық шамдарымен, 220 В розеткаларымен, USB және USB-C қуаттау ұяшықтарымен, сондай-ақ бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар жолаушылардың сапарына арнайы жағдайлар қарастырылған. Пойыздар құрамында ыстық тағамдар, сусындар мен жеңіл тіскебасарлар сатып алуға болатын буфет вагондары бар.
Фото: Жолаушылар тасымалы
Пойыздардың қозғалыс кестесі
№¾ «Нұрлы жол — Алматы-2» пойызы күн сайын қатынайды:
▪️ Нұрлы жол станциясынан сағат 13:10–да жөнелтіліп, Алматы-2 станциясына келесі күні сағат 08:30–да келеді.
▪️ Алматы-2 станциясынан сағат 12:12–де жөнелтіліп, Нұрлы жол станциясына келесі күні сағат 07:03–те келеді.
№ 153/154 «Нұрлы жол — Семей» айдың тақ күндері қатынайды:
▪️ Нұрлы жол станциясынан сағат 16:40–та жөнелтіліп, Семей станциясына келесі күні сағат 06:10–да келеді.
▪️ Семей станциясынан сағат 15:00–де жөнелтіліп, Нұрлы жол станциясына келесі күні сағат 05:05–те келеді.
Фото: Жолаушылар тасымалы
Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан және теміржол вокзалдарының билет кассаларынан сатып алуға болады.
Ақпарат kaz.inform.kz сайтынан алынды.