Отбасындағы зорлық-зомбылыққа куә болған балалардың бастан өткерген қорқынышы мен күйзелісі олардың ересек өміріне де әсер етуі мүмкін. Кейбір балаларда ұзаққа созылған күйзелістен тұтығу мен даму тежелуі байқалады. Бұл туралы Астанадағы «Қорғау» дағдарыс орталығының басшысы Анна Рыль мәлімдеді.
Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашқан әйелдер кейде балаларын ертіп, үйінен ешқандай зат алмастан кетуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайларда оларды дағдарыс орталығына полиция қызметкерлері жеткізеді.
Анна Рыль орталық тәжірибесінде кездескен бірнеше оқиғаны мысалға келтірді. Бірде жүкті әйелді паналау орнына түнгі көйлегі мен үй тәпішкесімен алып келген. Тағы бір жағдайда анасы балаларын ертіп, мас күйдегі агрессордан қорқып, үйінен қашып шыққан. Олар сырт киімдерін де алып үлгермеген. Көшеде қалған отбасын полиция қызметкерлері байқап, орталыққа жеткізген.
– Бала отбасындағы жанжалға куә болады. Көбіне анасын қорғауға тырысады, сол кезде өзі де физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін. Балалық шақтағы психологиялық жарақат пен қорқыныш адамның бүкіл өміріне әсер етеді. Бұл оның мінез-құлқынан, болашақта жар таңдауынан, жалпы өмірлік жолынан көрініс табуы мүмкін, – деді орталық басшысы.
Оның айтуынша, отбасындағы тұрақты күйзелісті бастан өткерген кейбір балаларда тұтығу мен даму тежелуі байқалады. Сондықтан дағдарыс орталығында кәмелетке толмағандарға жеке қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді.
– «Қорғау» орталығында балаларға арналған арнайы топтар жұмыс істейді. Олармен психологтар, тәрбиешілер және логопедтер айналысады. Мамандар балалардың басынан өткерген қорқынышын жеңілдетуге, өзін қауіпсіз сезінуіне және жаңа ортаға бейімделуіне көмектеседі, - деді спикер.
Айта кетейік, «Қорғау» дағдарыс орталығы Астанада 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен олардың балаларына уақытша баспана және қажетті әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
https://kaz.inform.kz/