Stadler вагондарынан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты

Stadler вагондарынан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты

фото: pixabay.com

 Бүгін, 11 қарашада Қазақстанда шығарылған Stadler вагондарынан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы Астана – Алматы бағытына жолға шықты. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

в

 Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Жолаушыларға қандай жағдай жасалған

Жаңа вагондар №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызының құрамына енгізілді. Алғашқы сапарына 11 қарашада шыққан пойыз енді күн сайын қатынайтын болады. Астанадан сағат 13:10-да аттанып, келесі күні таңғы 08:30-да Алматыға жетеді. Осылайша, екі қала арасындағы жолға 19 сағат 20 минут кетеді.

Жаңа пойыздың құрамында купе және плацкарт вагондары бар. Купе вагоны 40 жолаушыға, ал плацкарт 58 адамға есептелген. 

в Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Жаңа Stadler вагондарында жолаушылардың жайлы сапар шегуіне ерекше көңіл бөлінген. 

Купелер кең, жатын орындар ыңғайлы. Әр жолаушыға жеке жарық шамы, телефон мен басқа да құрылғыларды қуаттауға арналған розеткалар, USB және USB-C ұяшықтары қарастырылған.

Сондай-ақ пойызда Wi-Fi желісі, бейнебақылау жүйесі мен жүк қоятын орындар да бар.

Жолаушылар үшін тағы бір қолайлы мүмкіндік – әр купедегі ауа температурасын жеке реттеу. Мәселен, бір вагонда отырған адамдар өз купесінде қалаған температурасын орната алады.

а Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

– Әр купеде температураны жеке реттеу мүмкіндігі бар. Жолаушылар вагонның жалпы салонындағы температураға қарамастан, өздеріне қолайлы жағдай жасай алады. Сонымен қатар алғашқы сапардың өзінде смартфондарын спутниктік интернетке қосуға мүмкіндік бар, - деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Сұңқар» филиалының директоры Медет Махатов.

Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы жабдықталған купе мен кең дәретхана да қарастырылған. Дәретханада сүйеніш тұтқалар, қауіпсіздік белдігі бар жиналмалы орындық және қолжуғыш орнатылған. Ал купеде жолаушы орнынан тұрмай-ақ жолсерікті шақыра алатын арнайы шақыру батырмалары бар. Бұл жолаушының өзіне қажетті көмекті өзгеге тәуелді болмай сұрауына мүмкіндік береді.

в Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Бұдан бөлек, купе мен плацкарттағы санитарлық бөлмелерде де жолаушылардың қажеттілігі ескерілген. Атап айтқанда, дәретханаларда ұшақтардағыдай сәбидің жаялығын ауыстыруға арналған жиналмалы үстел орнатылған. Бұл әсіресе кішкентай баласымен сапарға шыққан ата-аналар үшін қолайлы.

Сондай-ақ буфет аймағы қарастырылып, жол үстінде тамақтану мүмкіндігі де жасалған.

Осылайша, ұзақ сапарға шыққан жолаушылар пойыздағы тамақтану қызметін де пайдалана алады. Бірақ ол билеттің бағасына кірмейді.

в Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Бұдан басқа, Медет Махатов отандық Stadler вагондары Қазақстанның ауа райына бейімделіп жасалғанын да атап өтті. 

– Олар –50 градустан +45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға жарамды. Қызмет ету мерзімі 40 жылды құрайды. Әр вагонда жолсеріктердің демалуына арналған жеке купе де бар, - деді филиал директоры.

Сонымен қоса ол вагондардағы басқару жүйелерінің автоматтандырылғанын да еске салды.

Медет Махатовтың айтуынша, заманауи технологиялар жолсеріктердің жұмысын едәуір жеңілдетеді.

Вагондар сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жүре ала ма

Stadler вагондарының жобалық жылдамдығы сағатына 160 шақырымға жетеді. Дегенмен олардың нақты қозғалыс жылдамдығы теміржол инфрақұрылымының жағдайы байланысты.

в Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

– Жаңа вагондардың конструкциялық жылдамдығы сағатына 160 шақырымды құрайды. Бұл жылдамдыққа жету әбден мүмкін. Бірақ пойыздың нақты қаншалықты жылдам жүретіні теміржол инфрақұрылымы мен локомотивтік тартымға байланысты. Қазір осы мәселе бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, - деп түсіндірді Медет Махатов.

2030 жылға дейін 557 вагон жеткізілмек

Жаңа пойызды іске қосу рәсімінде Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов жолаушылар вагондары паркін жаңарту мемлекеттік көлік саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

а Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

– Швейцариялық Stadler компаниясымен бірлесіп атқарып жатқан жұмыс еліміз үшін маңызды. Бүгін жаңа вагондар алғаш рет жолаушылар көп қатынайтын Астана – Алматы бағытына шықты. Жолаушылар олардың жайлылығы мен мүмкіндіктерін жоғары бағалайды деп сенемін. Бұл – жұмыстың басы ғана. Алдағы мақсатымыз – еліміздегі жолаушылар пойыздарын біртіндеп жаңартып, қауіпсіз әрі жайлы вагондарды барлық бағытта қалыпты жағдайға айналдыру, – деді вице-министр.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов жобаның бірнеше жыл бойы жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның сөзінше, 2021 жылдың қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцарияға ресми сапары кезінде «Қазақстан темір жолы» мен Stadler арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасалған. 2022 жылы ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қойылып, 2025 жылы Астанада жолаушылар вагондарын сериялық өндіру басталды.

а Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

– Бүгін біз Қазақстанда шығарылған Stadler вагондарынан жасақталған алғашқы пойыздың іске қосылуына куә болып отырмыз. Бұл оқиғаның артында бірнеше жылдық жүйелі жұмыс жатыр. Жолаушылар үшін ең алдымен қауіпсіздік пен қолайлы жағдай маңызды. Дегенмен заманауи техникалық жабдықталумен қатар, қызмет көрсету сапасының да жоғары болуы қажет, - деді Әнуар Ахметжанов.

Қазіргі уақытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдаған. Келісімшарт бойынша 2030 жылдың соңына дейін барлығы 557 вагон кезең-кезеңімен жеткізіледі. Оларға кейінгі 20 жыл бойы техникалық қызмет көрсету де қарастырылған.

в Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Айта кетейік, 13 қарашада Stadler вагондарынан жасақталған келесі пойыз «Нұрлы жол – Семей» бағыты бойынша алғашқы сапарға шығады.

Жаңа пойыздарға билеттерді теміржол кассаларынан және ресми билет сату жүйесі арқылы сатып алуға болады.

 

Ақпарат Kazinform агенттігінен алынды. 

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите