Қазақстан дәрілік заттың 40-қа жуық түрін өндіруді жоспарланып отыр

Қазақстан дәрілік заттың 40-қа жуық түрін өндіруді жоспарланып отыр

фото: https://pixabay.com/

Бұл туралы "Абди Ибрахим Глобал Фарм" ЖШС бас директоры Фарух Рзаев баяндады.

Оның сөзінше, елімізде биопрепараттар мен фармацевтикалық субстанциялар өндірісін жолға қоюға бағытталған инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

2026 жылдың 24 қаңтарында Денсаулық сақтау министрлігімен жалпы құны 39 млрд теңге болатын инвестициялық келісімге қол қойылған еді. Жобаны 2000 жылдан бері Қазақстанның фармацевтика нарығында жұмыс істеп келе жатқан қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны – "Абди Ибрахим Глобал Фарм" ЖШС жүзеге асырады.

Жоба аясында дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атаулары бойынша 39 түрін жергіліктендіру көзделген. Жалпы саны – 40 препарат және 13 терапиялық бағыт бойынша 82 позиция. Олардың қатарында қазіргі уақытта Қазақстанға шетелден жеткізілетін 26 дәрілік препарат пен 13 биопрепарат бар.

Дайын дәрілік заттар өндірісінен бөлек, биопрепараттарға арналған фармацевтикалық субстанциялар өндірісін құру, технологиялар трансфері және ғылыми-зерттеу қызметін дамыту қарастырылған.

Өндіріс кезең-кезеңімен іске қосылады. Алғашқы препараттарды 2027-2028 жылдары шығару жоспарланып отыр. 2029 жылы отандық өндіріс үшін жаңа бағыттар бойынша 17 дәрілік препарат, оның ішінде нефрология, эндокринология, ревматология және өкпе артериялық гипертензиясын емдеу бағыттары өндіріске енгізіледі.

Ал 2031 жылы негізінен онкология, гематология, неврология және офтальмология салаларына арналған сегіз жаңа өнімді шығару көзделген. Олардың едәуір бөлігі бүгінде шетелден сатып алынатын қымбат дәрілер санатына жатады.

Жобаның жеке бағыты ретінде Pfizer және AstraZeneca халықаралық фармацевтикалық компанияларымен ынтымақтастық жолға қойылған. Қазақстанда пневмококк инфекциясына қарсы вакцина мен лейкозды емдеуге арналған нысаналы препарат өндірісін ұйымдастыру жөнінде келісімшарттар жасалған. Бұл бағыттарға салынатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен $10 млн-ды құрайды.

Вакцинаны шығару 2026 жылғы қарашаға, ал онкологиялық препарат өндірісін іске қосу 2027 жылғы қазанға жоспарланған. Өндірісті жергіліктендіру деңгейі кезең-кезеңімен тереңдетіледі.

Фарух Рзаевтың сөзінше, жобаның стратегиялық маңызы отандық дәрі-дәрмек түрлерін көбейтумен ғана шектелмейді. Ол ел ішінде жеке технологиялық базаны қалыптастыруға да мүмкіндік береді.

– Еліміз үшін қазіргі таңда тек дайын дәрілік препараттар бойынша емес, фармацевтикалық шикізатпен қамтамасыз ету тұрғысынан да дербестікке қол жеткізу аса маңызды. Сондықтан, жоба аясында субстанциялар өндірісін құру, заманауи технологияларды трансферттеу және биопрепараттар өндіру әлеуетін дамыту көзделген. Бұл дайын өнімді локализациялаудан фармацевтикалық өндірістің неғұрлым терең моделіне біртіндеп көшуге, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тұрақтылығын арттыруға және ел ішінде жаңа құзыреттерді дамытуға негіз болады, – деді спикер.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите