Сонымен… атой сап барып “Оскардың” лонг-листіне бір-ақ кірдік! Кіріп барсақ, биылғы дода тіпті сұмдық екен! Дәл айтқанда 104 фильмнің бақ сынауы – “Оскар” сыйлығы тарихындағы өзгеше оқиға, айрықша рекорд көрінеді.
Соның ішінде, кілең ағылшын, араб арғымақтарының ішіндегі жалғыз қазақы жүйріктей қарыштай шауып “Әбіл” кетіп барады. Көргенде жылағым келді. Осындайда, әлемдік жарыстар кезінде спортшылардың неге жылайтынын түсінеді екенсің, деп жазды Ерлан Төлеутай әлеуметтік желідегі парақшасында.

Фото: Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
Мұны сіздерге қалай түсіндірсем екен? Мәселен, “Оскарды” ат бәйгесі деп алайық. Өздеріңіз көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, ат бәйгесінен әлемдік аламан болып жатыр. Солай келсек, Оскар комитеті биылғы бәйгеге 100 мемлекеттен 100 таңдаулы жүйрік іріктеп алған яғни жер шары мемлекеттерінің тең жартысының ең-ең деген қас жүйріктерін таңдаған. Ал, Ілікпей қалған мемлекеттер қаншама! Шамамен осылай. Тек Ресей режиссері Звягинцевтің “Минотавр” фильмі Франция мемлекеті атынан түсуде.
Және бұл фильм “99-шы Оскар” сыйлығын қанжығасына байлайды деген жорамал да жоқ емес.
Тағы осындай бірнеше фильмді айтпағанда, әр мемлекет өз жүйрігін жал-құйрығын сүзіп, кекілін тарап, үкілеп қосқан.
Тек Қазақстанның жүйрігі “Әбіл” ғана мемлекет қамқорлығынсыз, қазақ қоғамының қолдауынсыз шауып барады. Осылай 15 желтоқсанға шейін шаппақ. Ал мұндай сүргін шабысқа “Әбіл” шыдай ма? Өйткені бұған дейін көп халықаралық бәйгелерге күйсіз түссе де, жұлдызы жарқырап қайта-қайта озып келе берген “Әбіл” бұл жолы қажыған, шаршаған, арыған күйінде шауып барады “Оскар” аламанында. Қалай десе де саған сын жоқ, “Әбіл” – “Оскарға” осылай белі талып, тұяғы тозып барған.

Фото: Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
Осы жолы кімнен сұрамадым десеңізші, осы қу ақшаны. Сөзіммен де, көзіммен де сұрадым. Сөзіммен сұрағандарым – сөзбұйдаға, көзіммен сұрағандар – көзбұйдаға сала берді. “Жаманға жазатайым ісің түссе, жабысып қалады екен аспан жерге” деген осы екен ғой.
Ұшаққа билетті соңғы күні, соңғы сәтте алғанымыз да өтіп кетті. Осы сәтте аузы-мұрнымнан қан кетті! Төрт сағат бойы тоқтамай атқыласа да “скорый” шақырмай жұмыс
Істей бердім ғой мен жазған. Ақыры жеңіп шықтық!
Осындай сұмдықтардан кейін “Әбіл” саған қандай сын болмақ? Себебі Лос Анджелестегі Азия киноларының халықаралық кино фестивалі, Оскар комитеті бойынша алдымызға көлденең тартқан бірде-бір ереже, талаптарды орындай алмадық. Бұларды орындау “Әбіл” үшін аса қажет еді.
Мәселен, алты мыңға жуық мүшесі бар Оскар комитетіне “Әбілді”көрсете алмадық. Ол үшін кинотеатр жалдау керек екен, соңынан Қазақстан атынан қонақасы беріп дегендей әрі мұндай көрсетілімге Оскар академиясының мүшелері мен киносыншыларды бірге шақырып, ал журналистерге арнайы баспасөз конференциясын өткізсең құба-құп екен және мұны бірнеше дүркін қайталасаң да қолыңнан ешкім қақпақпайды екен. Сонда ғана “үміттің құлан иек, құла таңы атпақ”.
Осынау фестиваль кезінде Оскар сыйлығы бойынша бірнеше беделді киносыншымен ұшырасқанымызда, салар қолқамыздың "құрғақ қасық ауыз жыртадының" кері болары сезіліп тұрды.
Америкалық продюсер қазақ Еркен Иолдашевх бізге дұрысын айтты. Ерекеңнің айтуынша, мұнда кез келген қызметке қаламақы төлеу керек. Себебі, бұл олардың заңды әрі кәсіби қызметі. Сондай-ақ, нағыз әлемдік капитализм астанасы – алып Лос Анджелесте ешкім саған жекеменшік кинотеатрын тегін бере салмайды. Сондықтан жалға ал да, академия мүшелерінен бастап, “Оскар” айналасында жүрген ықпалды тұлғаларды шақырып, киноңды көрсете бер, ешкім қой деп айтпақ емес. Қайта сенің фильміңе олардың назары ауады. “Оскарға” ілігудің бір шарты – осы назар аударту кампаниясын жүйелі әрі сәтті жүргізе білуде.
Шынын айтайық, біз мұны еш мандыта алмадық. Өйткені бұған қыруар қаржы керек. Тіпті, кейбір үміткер фильмдер өз бюджетінен екі-үш есе көп қаржыны осыған жұмсайтын көрінеді. Қалай болғанда да бұған біздің шамамыз келмейді екен. Бұл – киносы “Оскарға” қатысып жатқан мемлекеттің дәргейіндегі мәселе екен. Өйткені осындай ауқымдағы кампанияны өз мәнінде атқара алатын мол қаржы біз сияқты дамушы мемлекеттің қазынасында бар болғанымен, бұл күнде қалт-құлт күнін әзер көріп қалған еліміздегі жеке меншік кино компаниялардан мұндай көп қаржының табыла қоюы екіталай. Жалпы жағдай осылай. Тек халықаралық бэкграундты жақсы демесеңіз “Әбіл” жоғарыда айтылғандардың бірінсіз кетіп барады.
Сөйтіп “Әбіл” әлемдік бәйгеге қосылған жалғыз қазақы аттай қарыштай шауып барады. Қазақта бәйгеден келе жатқан жүйрікті шылбырынан жетелеп, сауырына қамшы ұрып, осылай жан-жақтан демеп оздыруға тырысатын “көтерме” дейтін дәстүр бар еді.
Атақты Ақан сері қалың жүйріктен қара үзіп келе жатқан Құлагерін Батыраштар жолдан көлденең тиіп өлтіргенде:
“Тамам жұрт көтермеге аттанғанда,
Алдыңнан қарсы бармай маған нетті”, – деп аһ ұра зарланатыны естеріңізде болар.
Міне, көтерме деген осы. Жалпы, біздің олигархтардың өзгені қолдағыш келетіні несі екен? Мәселен, Лос Анджелесте куә болдық, қазақ олигархы, миллиардер Шухрат Ибрагимов 12 жыл бойы АҚШ-та қырғыз киносын үздіксіз қаржыландырып келеді екен.
Нешауа, “Әбіл” – сенде аруақ бар. Мен сені кәрі аруақ, көне рухқа тапсырдым! Сен бәрібір жеңесің!
Жазба Ерлан Төлеутайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.