WhatsApp желісінде әңгіме басталмай тұрып-ақ күдікті аккаунттарды анықтауға көмектесетін қосымша қауіпсіздік функциясы пайда болды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Tengri Life сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа функция қалай жұмыс істейді?
Енді бейтаныс адамнан хабарлама келгенде, WhatsApp сұхбаттасушы туралы қосымша ақпаратты көрсете алады: ортақ топтарыңыздың бар-жоғы және оның телефон нөмірі қай елде тіркелгені туралы мәлімет шығады.
Бұл пайдаланушыға сөйлесуді жалғастыру керек пе, адамды контактілерге қосу, оны бұғаттау немесе аккаунт үстінен шағым түсіру қажет пе деген шешім қабылдауға көмектеседі.

Скриншот: WhatsApp
Егер пайдаланушы контактіде жоқ адамға алғаш рет өзі жазса да, осындай ақпарат көрсетілуі мүмкін.
WhatsApp-та тағы қандай қауіпсіздік функциялары бар?
Мессенджерде мыналарды да баптауға болады:
- профиль фотосын кімдер көре алатынын;
- соңғы рет қашан кіргеніңізді кімдер көретінін;
- "желіде" деген мәртебені кімдер көретінін;
- сізді топтарға кімдер қоса алатынын.
Бұдан бөлек, пайдаланушылар хабарламалардың оқылғаны туралы хабарламаны өшіре алады. Егер сұхбаттасушы күмән тудырса, оны бұғаттауға немесе аккаунтқа шағым түсіруге болады.
WhatsApp өкілдері хат-хабар алмасу кезінде бөлісетін ақпаратқа мұқият болуға кеңес береді. Хатты алушы өзіне жіберілген хабарламаларды, фотосуреттер мен бейнелерді сақтап, кейін оларды басқа адамдарға қайта бағыттай алады.
Айтпақшы, WhatsApp-та тағы бір жаңарту дайындалып жатыр. Мессенджер хат алмасу кезінде телефон нөмірлерін, күндерді, мекенжайлар мен электрондық поштаны автоматты түрде тани алатын болады. Мысалы, нөмір табылған жағдайда қосымша оған қоңырау шалуды, ал белгілі бір күн айтылса - күнтізбеге оқиғаны қосуды ұсынады.
МАтериал Tengri Life сайтынан алынды.