Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының қазақстандық жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін қашан және қалай шектеу жоспарланып отырғаны туралы алғашқы сауалына жауап берді.
Жасөспірімдерді жасанды интеллект анықтайды
Қазақстан Үкіметінің басшысы бұл мәселені реттейтін заңнамаға енгізілетін түзетулер қазір депутаттардың қарауында екенін айтты. Олар қабылданғаннан кейін онлайн-платформа пайдаланушыларының жасын растаудың арнайы ережелері әзірленеді.
Бұл бағытқа Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жауап береді.
– Оларды әзірлеу барысында онлайн-платформалардың қолданыстағы тетіктері, жасанды интеллект көмегімен сәйкестендіру, қаралатын контент пен пайдаланушының белсенділігі ескеріледі. Бүгінде онлайн-платформалардың тиісті технологиялық мүмкіндіктері бар, – деді премьер-министр.
Атап айтқанда, технологиялар адамның жасын бет-әлпеті арқылы, сондай-ақ қарайтын контенті, жазылымдары, қауымдастықтары, аккаунттағы белсенділігі және басқа да мінез-құлық белгілері негізінде анықтай алады.
– Meta компаниясы пайдаланушының жасын тексеруге арналған жаңа AgeKey жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл технология биометриялық аутентификацияда (саусақ ізін, бет-әлпетті тану) қолданылатын passkey қағидаты бойынша жұмыс істейді, – деді Олжас Бектенов.
Әлеуметтік желілер бірден бұғатталмай ма?
Сонымен қатар Қазақстан Үкіметінің басшысы жаңа талаптардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін аталған норманы қолданысқа енгізу кезінде өтпелі кезең қарастырылатынын атап өтті.
Сондай-ақ 16 жасқа толмаған онлайн-платформа пайдаланушыларының қолданыстағы аккаунттарын уақытша тоқтату мәселесі қаралады.
Контекст
Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу қою мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Депутаттардың пікірінше, әлеуметтік желілерге шамадан тыс әуестену кітап оқуға, спортпен айналысуға және отбасымен араласуға бөлінетін уақытты қысқартады.
Нәтижесінде балалардың зейін қою қабілеті, ақпаратты терең қабылдауы және сыни ойлау деңгейі айтарлықтай төмендейді.
https://qaz.ulysmedia.kz/