Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталықта өмірге тым ерте келген сәбилердің тағдыры мен олардың алғашқы өмір жолына арналған ерекше кездесу өтті. Дүниежүзілік шала туған балалар күніне орай ұйымдастырылған ашық есік күнінде бір кездері осы орталықта небәрі бірнеше жүз грамм салмақпен дүниеге келіп, дәрігерлердің жанкешті күтімінің арқасында аман қалған балалар мен аналары қайта қауышты. Бұл – бір кездері үміт пен үрей қатар жүрген күндердің артта қалып, бүгін қуанышқа ұласқан сәті.
Кездесудің мәні де осында. Аналар өз сәбилерінің өмірі үшін күрескен неонатологтермен, реаниматологтермен және мейіргерлермен қайта жүздесіп, алғыстарын білдірді. Ал орталық мамандары ата-аналарға вакцинация мен шала туған балаларда кездесетін бронх-өкпе дисплазиясының ерекшеліктері туралы түсіндіріп, балаларды медициналық тексеруден өткізді.
Бұл кездесудің артында тұрған сандар да ойландырмай қоймайды. Биылғы жылдың алғашқы он айында орталықта салмағы 1 жарым келіге жетпейтін 75 сәби дүниеге келген. Оның 24-інің туған кездегі салмағы бір келіге де толмаған. Мәселен, кездесуге қатысқан балалардың бірі жүктіліктің небәрі 26-аптасында 679 грамм салмақпен туған. Ол дәрігерлердің бақылауында 87 күн жатса, салмағы 700 грамм болып өмірге келген тағы бір сәби 88 күн бойы арнайы күтімде болған.
Осындай сәбилердің әрбір грамы мен әрбір тынысы үшін күрескен медицина мамандарының еңбегі өлшеусіз. Өйткені шала туған баланы аман алып қалу – тек алғашқы күндердегі медициналық көмекпен шектелмейтін күрделі жұмыс. Ол үздіксіз бақылауды, заманауи медициналық технологияны, кәсіби білім мен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір кездері алақанға әрең сыйған сәбилердің бүгінде аналарының жанында күліп жүруі – дәрігерлер еңбегінің ең үлкен марапаты.