Жатақханада орын бөлудің цифрлық платформасын құру ұсынылды

Жатақханада орын бөлудің цифрлық платформасын құру ұсынылды

фото: www.vechastana.kz

       Студенттерге жатақхананың қолжетімділігі артып, оған кезек ашық жүргізілуі тиіс.

       Осылай деген Құрылтай депутаттары жатақханада орын бөлудің цифрлық платформасын құруды ұсынды. Жүйе орын тапшылығын жойып, бос орындар туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде көрсетуі керек. Елдегі жатақханаларға қатысты қазіргі ахуал қандай? 

       Ғылым және жоғары білім министрі жатақханалардағы орын тапшылығы азайғанымен, Алматыдағы мұқтаждық әлі шешілмеді дейді. 

       Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі: 

       - Осыдан 5-6 жыл бұрын жатақханаларда 82,5 мың орын жетіспеді. Бүгінде тапшылықты 5 мыңға дейін қысқарттық. Проблема тек Алматы қаласында қалып отыр. Басқа өңірлерде мәселе жоқ. Бұған қарап қыруар жұмыс атқарылды деп айта аламын. Студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ете алмайтын жоғары оқу орындарын лицензиясынан айыруға дейін бара аламыз. Осы күнге дейін ережені елемегендерге айыппұл да салынды. Алдағы уақытта талап тек қатаңдай береді. 

       Құрылтай депутаттары салаға қатысты мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Премьер-министрге жолданған сауалда жатақханаларды цифрландыруға арналған бірыңғай талап әзірлеу қажеттігі айтылды. 

       Нұргүл Тау, ҚР Құрылтай депутаты: 

       - Мәселен, Нидерланды және Францияда студенттерді баспанамен қамту жүйесі толығымен цифрлық платформаға, АҚШ, Ұлыбританияда университет пен жеке компаниялардың серіктестік үлгілеріне, сондай-ақ Германия және Австралияда арнайы тұрғын үй операцияларына негізделген. Елімізде де жауапты министрлік тарапынан студенттік жатақханаларды цифрландыру талаптары қойылғанымен, бұл талапты ЖОО өз бетінше әртүрлі деңгейде іске асыруда. 

       Депутаттар орын бөлуде әлеуметтік басымдықтарды ескеретін ашық алгоритм енгізу керек, дейді. Халық қалаулылары электронды кезек, онлайн брондау және цифрлық келісімшарт бағыттарын сандық жүйеде толық жүзеге асыруды ұсынып отыр.

       https://24.kz/kz/

 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите