Қазақстан Скандинавия елдерінің тәжірибесін негізге алуы керек. Экономист пікірі

Қазақстан Скандинавия елдерінің тәжірибесін негізге алуы керек. Экономист пікірі

фото: pixabay.com

Мемлекет өз азаматтарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытында қызмет етсе ғана  тұрақты дамыған, әрі бәсекеге қабілетті мықты мемлекет бола алады

 

Кез келген мемлекетте, кез келген қоғамда азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасы қағидаты бойынша адамның қауіпсіздігі, экологияның тазалығы, ыңғайлы инфрақұрылым (жол, саябақ, қоғамдық көлік) және сапалы жұмыс орнының болуы қажет. 

Цифрландыру ісін дамыту және бюрократияны азайту үшін мемлекеттік қызмет клиенттерге ыңғайлы, тез және ешқандай кедергісіз (мысалы, смартфон арқылы) көрсетілуі тиіс. "Сапалы Қазақстан" порталының тілшісіне сұхбат берген  «Q» University «Бизнес және басқару» академиялық мектебінің жетекшісі, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Керімбек Ғалымжан Есқараұлы осылай мәлімдеді.

Фото: Ғалымжан Керімбектің жеке мұрағатынан. 

Халқының тұрмысын жақсартуды ойлаған әлемнің дамыған және дамушы елдері Скандинавия елдерінің (Швеция, Норвегия, Дания, Финляндия) тәжірибесін негізге алу қажет деп ойлаймын. Аталған елдерде байлар көбірек, табысы аздар азырақ салық төлейді. Бұл қаражат тегін жоғары сапалы медицина мен білім беруге жұмсалады. Әрбір азамат «Мемлекет мені ешқашан далада қалдырмайды» деген сенімде өмір сүреді. Азаматтардың үкіметке, сот жүйесіне және бір-біріне деген сенімі өте жоғары. Бұл елдерде жемқорлық деңгейі әлемдегі ең төмен көрсеткішке ие.

Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекеттік басқаруды «Бюрократиялық модельден» «Адамға бағытталған модельге» көшіру бойынша бірнеше маңызды реформаны қолға алып жатыр.

 Соңғы кезде қазақ елін «Айыппұлстан», «Штрафстан» деп атап, елдегі айыппұл саясатына және жол ережесін бұзуға қатысты қатаң шараға байланысты қоғам мен билік деңгейінде жиі сын айтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды «Айыппұлстан», «Штрафстан» деп атауды сынға алып, мұндай баға беретіндер заң талаптарын елемейтінін немесе елге менсінбей қарайтынын атап өткен. Президенттің пікірі бойынша «Айыппұл – жазалау емес, тәртіпке келтірудің және құқық бұзушылықтың алдын алудың құралы»,- деп баға берген.

Экономист сарапшы ретінде осы мәселеге қатысты өзімнің жеке пікірімді айтатын болсам, халықтың арасында дау мен қарсылықтың пайда болуының да өзіндік бір ақиқаты бар. Дамыған елдің тәжірибесінде кез келген реформа ең алдымен, мемлекеттің кез келген азаматының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталады.

Біздің елде, кейбір іс-шаралар мен мәселе жан жақты талданбастан және халықтың жағдайына келтірілместен қолданысқа енгізіліп кетеді. Мәселен, жол ережесі бойынша, бағдаршамда сары шамның жанып-өшуінде өтетін болса, айыппұл салынады. Менің өзім Астана қаласында, сары шамның жанып өшуінде өткенім үшін, екі мәрте (19660х2=39320 теңге) айыппұл төледім. Астана қаласында бағдаршамның арасында біршама қашықтық бар, жол айырығының ана басынан мына басына өту үшін біршама уақытты талап етеді. Айыппұлдың алдын алу үшін, ең алдымен «Цифрлы бағдаршам» орнатылуы тиіс. Сонда жүргізуші алыстан өзінің өтіп кету мүмкіндігі мен жылдамдығын ескере алады. Жолдың ортасы мен шетіне келгенде, бағдаршам жанып өшкен кезде, кейбір жүргізуші сасып қалып, жолдың ортасында жол-көлік оқиғасының орын алуына мұрындық болуда. Үлкен қалада автокөліктің тығыны да «Цифрлы бағдаршам»-ның болмауынан орын алуда.

Сонымен қатар қалааралық үлкен жолдың бойында, жылдамдық жөніндегі жол белгілері көп жерде қойылмаған. Кейбір жүргізуші қандай жылдамдықпен жүру керек екенін біле бермейді. Жолда орнатылған үлкен бағанда да жылдамдық шегі көрсетілмеген. Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын автокөлікпен аралап шыққанымда көптеген олқылықтар мен кемшіліктерге көз жеткіздім. Мәселен, Астана-Қарағанды-Алматы бағытында жолдағы жылдамдық 140 екені үлкен бағана мен жол шетінде жиі көрсетілген. Ал батыс пен шығыста жол ережесінің белгілері аз қамтылған. Осыған орай Жол полициясы қызметкері хаттама толтырса немесе жылдамдық өлшеу құралының камерасына түсіп қалса, жүргізуші тарапынан реніштің орын алатыны ақиқат.

Егеменді елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде халықтың мұң-мұқтажы мен шағымын да ескеру қажет. Жол қозғалысында «Цифрлы бағдаршам»-ды орнатып және тиісті барлық жол белгілерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Сол кезде жүргізуші жылдамдықты асырғаны үшін, жол ережесін бұзғаны үшін өзінің іс әрекетіне сәйкес белгіленген айыппұлды төлеуге міндеттенеді. Еуропа мен Араб елінде болған кезімде жол бойында бірде бір жол-көлік оқиғасының орын алғанын кездестірмедім. Жүргізушілер рөлде күлімдеп отырады да, бір-біріне ерекше сый құрметпен қарайды. Ал біздің елімізде қадам аттаған сайын, жол-көлік оқиғасын жиі кездестіресің. Мұның басты себебі, жол қозғалысы қауіпсіздігінің толық қамтамасыз етілмеуінен туындап отыр. 

Қазақстан мемлекетінің Скандинавия елінің деңгейіне жетуі уақыт пен жүйелі реформаны талап ететіні сөзсіз. Сондықтан «Адам  – мемлекеттің басты байлығы» деген қағиданың конституциялық деңгейде де, күнделікті саясатта да көрініс табуы тиіс.

Мемлекет өзінің тұрғылықты азаматының өмір сүру сапасын жақсарту бағытында қызмет көрсеткен кезде ғана тұрақты дамыған, әрі бәсекеге қабілетті мықты мемлекет бола алады.

 

Спикер: Керімбек Ғалымжан Есқараұлы

«Q» University «Бизнес және басқару» академиялық мектебінің жетекшісі, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите