
Гүлбану Мұратбекқызы ӨСЕРБАЕВА, медицина ғылымдарының кандидаты, Ұлттық госпитальдің ақылы қызмет көрсету бөлімшесінің ревматолог дәрігері
12 қазан – Дүниежүзілік артритпен күрес күні. Бұл күн буын ауруларының алдын алу мен оларды ерте анықтаудың маңызын еске салады. Артритті жай ғана буынның ауыруы деп қабылдауға болмайды. Ауру асқынған жағдайда адамның қозғалысын шектеп, еңбекке қабілеттілігін төмендетуі мүмкін.
Артрит неліктен пайда болады?
Артриттің пайда болуына тұқым қуалайтын бейімділік, иммундық жүйенің бұзылыстары, кейбір инфекциялар және зат алмасу ерекшеліктері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтыну, артық салмақ пен қозғалыстың аздығы буын саулығына кері ықпал етеді.
Псориаз және ішектің кейбір созылмалы қабыну аурулары да буын қабынуымен қатар жүруі ықтимал. Ал күйзеліс кейбір науқастарда ауру белгілерінің өршуіне әсер етеді.
Артық салмақ буындарға түсетін жүктемені арттырады. Зат алмасу бұзылыстарының бірі – подаграның дамуына әкелуі мүмкін. Бұл кезде буындарда несеп қышқылының кристалдары жиналып, қатты ауырсыну мен қабыну ұстамалары пайда болады.
Ауруды кеш анықтау қауіпті
Ревматоидты артрит пен аксиалды спондилоартрит сияқты қабынбалы ревматологиялық аурулар ұзақ уақыт бақылаусыз қалса, буындар мен омыртқаның зақымдануына, қозғалыстың шектелуіне әкелуі мүмкін.
Аурудың алғашқы белгілерін кей адамдар шаршаумен немесе жас ерекшелігімен байланыстырып, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырады. Алайда буынның тұрақты ауыруы, ісінуі, таңертеңгі сіресу және қозғалыстың қиындауы маманға жүгінуге негіз болуы керек.
Артриттің барлық түрі міндетті түрде мүгедектікке әкелмейді. Оның салдары аурудың түріне, белсенділігіне және емнің қаншалықты ерте басталғанына байланысты. Уақытылы қойылған диагноз бен дұрыс ем асқыну қаупін азайтып, адамның қозғалыс қабілетін сақтауға мүмкіндік береді.
Буын саулығын қалай сақтауға болады?
Артриттің барлық түрінің алдын алу мүмкін болмаса да, буын саулығын сақтауға көмектесетін қарапайым қағидалар бар.
Ең алдымен, дене салмағын қалыпты деңгейде ұстап, дұрыс тамақтануға және тұрақты қозғалысқа мән берген жөн. Көкөністерді, жемістерді және құнарлы тағамдарды тұтыну, қант мөлшері жоғары өнімдерді шектеу жалпы денсаулыққа пайдалы. Темекіден бас тартып, алкогольді тұтынуды шектеу де маңызды.
Жаяу жүру, жүзу және буындарға шамадан тыс күш түсірмейтін жаттығулар бұлшықеттерді нығайтып, қозғалыс белсенділігін сақтауға көмектеседі. Жаттығу түрін адамның денсаулық жағдайына қарай таңдаған дұрыс.
Сонымен қатар инфекциялық және созылмалы ауруларды дер кезінде емдетіп, денсаулықтағы өзгерістерді елемеуге болмайды. Егер буын кенеттен қатты ауырып, ісініп, қызарып, дене қызуы көтерілсе, шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет.
Ерте диагностика – асқынудың алдын алу жолы
Артрит тек егде жастағы адамдарда кездесетін ауру емес. Оның кейбір түрлері еңбекке қабілетті жастағы адамдарда да дамуы мүмкін. Сондықтан буынның ұзақ уақыт ауыруын қалыпты жағдай деп қабылдамай, дәрігерге қаралған жөн.
Буын саулығына жауапкершілікпен қарау, ауру белгілерін ерте анықтау және емді уақытында бастау – қозғалыс еркіндігін сақтап, өмір сапасын жақсартудың маңызды шарты.