Техноөнім жасаушыларға арналған "Almaty Hub Incubation" бағдарламасы басталды

Техноөнім жасаушыларға арналған "Almaty Hub Incubation" бағдарламасы басталды

фото: Almaty Hub/Сапалы Қазақстан

Алматы, 2026 жылғы 12 қазан. Almaty Hub алаңында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Astana Hub жүзеге асыратын Almaty Hub Incubation бағдарламасы ашылды, Бағдарлама технологиялық стартаптарға өнімдерін дамытуға, бизнес-гипотезаларын тексеруге және жобаларын ауқымды дамытуға дайындалуға көмектеседі, деп жазды "Сапалы Қазақстан" порталы.

Бағдарламаға қатысу үшін 520 өтінім түсті. Онлайн кезеңнің қорытындысы бойынша 166 стартап іріктеудің келесі кезеңіне өтті, ал офлайн кезеңге қатысу үшін 50 команда таңдалды.

Бағдарлама 12 аптаға созылады: алғашқы төрт апта онлайн форматта, ал келесі сегіз апта Almaty Hub алаңында офлайн өтеді. Трекерлер мен сарапшылардың қолдауымен қатысушылар өз өнімдерін жетілдіреді, клиенттердің қажеттіліктерін зерттейді, бизнес-модельдерін тексереді және жобаларын одан әрі дамытудың бағыттарын айқындайды.

«Инкубациялық бағдарламалар бастапқы кезеңдегі стартаптарға бағытталғанымен, бізге өнімдері әлдеқашан әзірленген әрі дамудың неғұрлым жоғары сатысындағы командалар да келеді. Соған қарамастан, алдағы сегіз аптадағы мақсатымыз - өнімдермен жұмысты жалғастыру үшін қажетті барлық деректерді жүйелі түрде жинау», - деді Almaty Hub Incubation бағдарламасының жетекші трекері, Astana Hub-тың бұрынғы басқарушы директоры, акселераторлар мен IT-стартаптарды қолдау бағдарламаларын іске қосу саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар Аркадий Селезнёв.

Фото: Almaty Hub/Сапалы Қазақстан 

     Үш стартап - технология арқылы шешілетін үш міндет

Almaty Hub Incubation қатысушылары түрлі бағытта, атап айтқанда қаржылық аналитикадан бастап цифрлық білім беру мен кәсіби білімді монетизациялауға арналған құралдарға дейін жұмыс істейді. Олардың тәжірибесі жеке тәжірибе мен аудиторияның қажеттіліктерін түсіну технологиялық өнімдерді жасауға қалай негіз болатынын көрсетеді.

Top Traders Desk: трейдерлерге арналған аналитика

Top Traders Desk трейдердің жұмысындағы негізгі кезеңдерді - нарықты зерттеуден бастап инвестициялық шешімдер қабылдауға дейінгі процестерді біріктіретін платформаны әзірлеп жатыр. Команда барлық қажетті құралды бір жерге біріктіретін кешенді all-in-one desk шешімін жасауды көздейді.

«Біз тоғыз жылдан астам уақыт бойы венчурлік индустрияда жұмыс істеп, жобаларға инвестиция саламыз, сарапшы және қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысамыз. Енді мәселенің екінші жағында болып, стартаптардың идеядан бастап нарыққа шығуға және өз өнімін таныстыруға дейінгі жолдан қалай өтетінін түсінгіміз келеді. Бұл бізге стартаптардың ішкі даму процестерін, көрсеткіштердің қалай қалыптасатынын және шешімдердің қалай қабылданатынын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді», - дейді Top Traders Desk негізін қалаушы Теймур Муслим.

Astrum FinLab: цифрлық форматтағы қаржылық сауаттылық

Astrum FinLab - қаржылық сауаттылықты дамытуға арналған цифрлық платформа. Оның негізін қалаған Жұлдыз Сужикова корпоративтік қаржы, инвестиция және оқыту салаларында 20 жылдық тәжірибеге ие. Сонымен қатар ол шамамен он жылдан бері АҚШ қор нарығында өз бетінше сауда жасап келеді.

Жоба идеясы тәжірибеден туындаған: негізін қалаушы студенттер мен әріптестеріне қаржылық ұғымдарды бірнеше рет түсіндіру қажеттілігіне тап болған. Осылайша ол өз әдістемесін жүйелеп, оны цифрлық форматқа көшіру арқылы қаржылық білімді көпшілікке қолжетімді етуді мақсат етті.

Жұлдыз бағдарламаға қатысуды жобаның технологиялық мүмкіндіктерін дамытуға және жаңа пайдаланушыларды тартуға мүмкіндік беретін қадам ретінде қарастырады.

«Мен өз тәжірибем мен білімімді цифрлық платформада біріктіріп, оны кеңінен таратуға және қаржылық білімді қолжетімді етуге шешім қабылдадым. Almaty Hub-та онлайн-арналар арқылы пайдаланушыларды тартуға қолдау алып, бейінді мамандар мен сарапшыларды табуға, сондай-ақ платформаны дамытудың технологиялық мәселелерін пысықтауға үміттенемін. Бұл Astrum FinLab жобасының дамуын жеделдетіп, оны ауқымды дамытуға дайындауға мүмкіндік береді», - дейді Astrum FinLab негізін қалаушы Жұлдыз Сужикова.

Neurovia Labs: кәсіби тәжірибені цифрлық өнімге айналдыру

Neurovia Labs - 40 жастан асқан әйелдерге арналған цифрлық платформа. Ол кәсіби білімді жүйелеуге, жинақталған тәжірибені өнім түрінде ұсынуға және оны сұранысқа ие шешімге айналдыруға көмектеседі. Жоба өз білімін аудиторияға таныстыруды, цифрлық ортада ілгерілетуді және монетизациялауды үйренгісі келетін әйелдерге бағытталған.

Жобаның идеясы оның негізін қалаушы Бахитжан Сатыбалдинованың жеке тәжірибесінен де туындаған. Ол жобаны ілгерілету және тиімді маркетинг құралдарын табу кезінде қиындықтарға тап болып, көптеген әйелдің құнды білімі мен тәжірибесі болғанымен, оны өнімге айналдыру үшін қолдауға мұқтаж екенін байқаған.

Қазіргі уақытта Neurovia Labs платформасын 19 сарапшы сынақтан өткізіп жатыр. Болашақта команда бұл шешімді стартаптар мен жұмыс істеп тұрған бизнеске де қолдану мүмкіндігін қарастырады.

«Егер сізде терең сараптамалық білім болса, оны жүйелеп, клиентке қандай нақты нәтиже ұсына алатыныңызды түсіну маңызды. Мен өзім де ілгерілетудің тиімді құралдарын іздеп, үлкен тәжірибесі мен білімі бар, бірақ оны сұранысқа ие өнімге айналдыру үшін қолдауға мұқтаж мамандардың көп екенін көрдім. Қазір платформамызды 19 сарапшы сынақтан өткізіп жатыр. Almaty Hub Incubation бағдарламасына қатысу арқылы жобаны дамытуда жүйелілікке қол жеткізіп, қосымшаны жетілдіріп, көбірек әйелді тартуды көздеймін»,- дейді Neurovia Labs негізін қалаушы Бахитжан Сатыпалдинова.

Стартаптарды дамытудан - қаланың дамуына дейін

Технологиялық командаларды қолдау жекелеген жобаларды дамыту үшін ғана емес, қаланың экономикасы үшін де маңызды. Өнімдерін жетілдіріп, клиенттер тартып, бизнесін ауқымды дамытуға көшкен стартаптардың инвестиция тартуға, қызмет аясын кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктері артады.

Almaty Hub кәсіпкерлерге сараптамалық қолдау алуға, кәсіби байланыстар орнатуға және идеяларын тұрақты бизнеске айналдыруға мүмкіндік беретін орта қалыптастырады. Ұзақ мерзімді перспективада мұндай бастамалар технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және Алматының Қазақстандағы IT-индустрия орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтуға ықпал етеді.

 Аккредиттеу және қосымша ақпарат алу мәселелері бойынша:

Ирина +7 777 193 3233

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите