Қалада Almaty AI Hub және Almaty AI Park атты екі ірі жоба жүзеге асырылып жатыр
Алматыда технологиялық бизнеске, бағдарламалық өнім әзірлеушілерге, стартаптар мен зерттеушілерге арналған жаңа инфрақұрылым қалыптасып жатыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Екі нысан да білім беру, ғылыми зерттеулер, стартаптарды дамыту, технологиялық компаниялардың қызметі мен салалық іс-шараларды өткізуді біртұтас экожүйеге біріктіруге бағытталған.

Фото: Алматы әәкімдігі.
Көктем-3 шағынауданында Almaty AI Hub орталығы құрылып жатыр.
Ауданы 9,4 мың шаршы метрден асатын ғимарат қайта жаңғыртылып, 556 жұмыс орны бар көпфункционалды орталыққа айналады. Мұнда IT және жасанды интеллект компанияларына, стартаптар мен әзірлеушілерге арналған кеңістіктер, білім беру алаңдары, коворкингтер, кеңселер, конференц-залдар мен іс-шаралар өткізу аймақтары орналасады.
Хаб құрамына жасанды интеллект мектебі мен AI Campus инфрақұрылымы да кіреді. Сондай-ақ робототехника экожүйесін құру көзделген. Оның аясында демонстрациялық аймақтар, оқыту және жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеуге арналған мүмкіндіктер қарастырылады. Технологиялық командалар мен компанияларға кеңселер мен бірлесіп жұмыс істеуге арналған кеңістіктер ұсынылады. Ал түрлі іс-шараларды өткізу үшін конференц-залдар мен арнайы алаңдар жабдықталады.
Осылайша, Almaty AI Hub білім алу, алғашқы жобаларды іске қосу, стартаптарды дамыту және технологиялық компанияларда жұмыс істеу мүмкіндіктерін бір кеңістікте біріктіреді.

Фото: Алматы әәкімдігі.
Екінші жоба – Almaty AI Park. Оны 4,9 гектар жерге салу жоспарланған. Кешеннің жалпы ауданы шамамен 76 мың шаршы метр. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңді 2027 жылы желтоқсанда, ал екіншісін 2028 жылы желтоқсанда аяқтау көзделген.
Almaty AI Park құрамына ғылыми-зерттеу және жасанды интеллект зертханалары, технологиялық компаниялардың кеңселері, коворкинг, акселератор мен бизнес-инкубатор, сондай-ақ білім беру және іс-шаралар өткізу инфрақұрылымы кіреді. Бұдан бөлек, технологиялық кластердің өзінде мамандар даярлайтын университет ашу жоспарланған.

Фото: Алматы әәкімдігі.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – жас компанияларды қолдау.
Стартаптар үшін бірлесіп жұмыс істеуге, жобаларды таныстыруға және инвесторлар алдында таныстырылым өткізуге арналған арнайы кеңістіктер құрылады. Ал ғылыми-зерттеу зертханалары жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеу мен сынақтан өткізу алаңына айналады.
Осылайша, Almaty AI Hub және Almaty AI Park жобалары Алматыда IT мен жасанды интеллект саласын дамытуға арналған бірыңғай инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жүйе мамандар даярлаудан және стартаптарды іске қосудан бастап, ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа өнімдер жасауға және технологиялық бизнесті тартуға дейінгі барлық бағытты қамтиды.