Күніне 2 литр су ішу міндетті ме?

Күніне 2 литр су ішу міндетті ме?

фото: pexels.com

«Күніне 2 литр су ішу керек» деген ереже бәрімізге таныс. Алайда ғылымда барлығына бірдей белгіленген дәл осындай міндетті мөлшер жоқ. 

Денсаулық сақтау министрлігі мен халықаралық ғалымдардың айтуынша, сұйыққа қажеттілік адамның жынысына, жасына, салмағына, дене белсенділігіне, ауа райына және ішетін тамағының құрамына қарай өзгеруі мүмкін. baribar.kz ағзаға шынымен қанша сұйық қажет екенін ғылыми мәліметтерге сүйеніп саралап көрді.

Су ғана емес

Қазақстанның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының ресми материалында ересек адамға тәулігіне дене салмағының әр килограмына шамамен 30–40 мл су қажет екені көрсетілген. Орта есеппен бұл 1,5–2,5 литр сұйыққа тең. Бұл мөлшерге тек таза су емес, тағам құрамындағы және басқа сусындардағы сұйық (сорпа, жеміс-жидектер, шай, кофе, шырын, сүт) та кіреді. Мысалы, дене салмағы 60 кг болатын адам үшін бұл шамамен 1,8–2,4 литр сұйыққа сәйкес келеді.

Суды қалай ішкен дұрыс?

Суды бірден көп мөлшерде ішкеннен гөрі, күн бойы аз-аздан ішіп отырған дұрыс. Ресми ұсынымдарда таңертең оянғаннан кейін бір стақан су ішуге, ал күні бойы таза ауыз суын және жеңіл шай түрлерін таңдауға кеңес беріледі.

Фото: pexels.com.

  Су ағзаға не үшін қажет?

Су адам ағзасындағы көптеген маңызды процеске қатысады. Ол дене температурасын реттеуге, қан айналымын қамтамасыз етуге, бүйрек пен ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне және ағзадағы сұйық тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.

Сұйықтың жеткілікті болуы сусызданудың алдын алуға және дене белсенділігі кезінде ағзаның қалыпты жұмысына маңызды.

Шөлдеу сезімі де маңызды белгі

Дені сау адам ағзасы су балансын өздігінен реттей алады. Ғалымдардың айтуынша, біз күнделікті сұйықты көбіне шөлдеген сәтте және тамақтанып отырғанда ішеміз. Бұл механизмдер күнделікті өмірде ағзадағы сұйық тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.

Сондықтан «міндетті түрде дәл 2 литрге жеткізу керек» деп өзіңізді қинау дұрыс емес. Бірақ шөлдеуді елемеу де қажет емес.

Су қай кезде көбірек қажет болуы мүмкін?

Мына жағдайларда көбірек су ішу қажет болуы мүмкін:

  • ауа райы ыстық болғанда;
  • дене белсенділігі кезінде;
  • қатты терлегенде;
  • ағза сусызданған жағдайда;
  • кейбір аурулар кезінде.

Суды тым көп ішуге де болмайды

«Су неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы» деген түсінік те дұрыс емес. Ғалымдардың айтуынша, ағза бүйрек арқылы шығарып үлгермейтіндей мөлшерде суды қысқа уақытта ішу су интоксикациясына әкелуі мүмкін. Ғылыми есепте қалыпты жағдайда бүйректің суды шығару мүмкіндігі шамамен сағатына 0,7–1 литр деңгейінде көрсетілген.

Сондықтан суды литрлеп қысқа уақытта ішуге тырыспай, сұйықты күні бойы аз-аздан ішкен дұрыс.

 

Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите