«Google салығынан» ел бюджетіне түсетін қаржы көбейіп келеді

«Google салығынан» ел бюджетіне түсетін қаржы көбейіп келеді

фото: pixabay.com

«Google салығы» — Қазақстанда интернет арқылы сауда жүргізетін немесе электрондық қызмет көрсететін шетелдік компаниялар төлейтін ҚҚС (қосылған құн салығы).

 

«Google салығынан» еліміздің бюджетіне түсетін қаржы көбейіп келеді. 2026 жылдың басынан бері шетелдік цифрлық сервистер мен маркетплейстер бюджетке 51,5 млрд теңге аударды. Kazinform тілшісі ең көп салық төлеген компаниялар тізімін анықтады.

Агенттік сауалына берген жауабында Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылы «Google салығы» енгізілген сәттен бері шетелдік интернет-компаниялар, маркетплейстер мен әлеуметтік желілер Қазақстан бюджетіне 178,8 млрд теңге аударғанын (2026 жылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша) мәлім етті.

«Налог на Google» принес Казахстану почти 179 млрд теңге: какая компания заплатила больше всех

Коллаж: Kazinform / ЖИ

«Google салығы» — Қазақстанда интернет арқылы сауда жүргізетін немесе электрондық қызмет көрсететін шетелдік компаниялар төлейтін ҚҚС (қосылған құн салығы).

Қазір елімізде осындай ҚҚС төлейтін 133 шетелдік компания тіркелген. Оның ішінде Apple, Amazon, Alibaba (1688, Lazada, Tmall и Taobao, AliExpress), Adobe, Canva, Chess, eBay, Google, GTA, iHerb, Huawei, Meta (Facebook пен Instagram), Microsoft, Netflix, Nintendo, Ozon, OpenAI (ChatGPT), Pinduoduo, Temu, TikTok, Samsung, Sony және Zoom бар.

Қандай сервистер ең көп ҚҚС төледі?

2025 жылы шетелдік компаниялар 57,6 млрд теңге салық төлепті.

МКК мәліметтеріне сүйенсек, ҚҚС-тың едәуір бөлігі қазақстандықтар арасында аса танымал шетелдік маркетплейстер мен онлайн-сервистердің үлесіне тиіп отыр.

Өткен жылы ең көп салық төлеген компания - Elementary Innovation Pte. Ltd. Ол қазынаны 13,3 млрд теңгеге толтырған. Бұл Сингапур елінде тіркелген компания, оның қызметі Temu маркетплейсімен байланысты.

Одан кейінгі орындарға 11,2 млрд теңге салық төлеген Apple мен Steam ойын платформасына иелік ететін Valve компаниясы жайғасқан. Ол бюджетті 10,3 млрд теңгеге толтырыпты. Google 7,3 млрд теңге салық аударса, iHerb интернет-дүкені 4,9 млрд теңге төлеген екен.

компаниялар Инфографика: Kazinform

Алғашқы ондыққа сондай-ақ Meta, TikTok, AliExpress және өзге де шетелдік интернет-дүкендер кірген.

Netflix, Spotify сияқты сервистер қанша салық төлеген?

Топ-10 ірі салық төлеуші қатарына бірқатар танымал шетелдік компаниялар мен платформалар енбей қалды.

2025 жылы бюджетке төмендегідей сомада қаржы аударған:

  • Netflix (стриминг сервисі) — 353,9 млн теңге;
  • Spotify AB (музыкалық стриминг сервисі) — 293,1 млн теңге;
  • Zoom (видеобайланыс сервисі) — 183,2 млн теңге;
  • Nintendo (видео ойындар шығаратын компания) — 54 млн теңге;
  • Coursera (онлайн-оқыту платформасы) — 33,2 млн теңге;
  • Samsung Electronics (электроника шығаратын компания) — 9 млн теңге;
  • IMDb.com (фильмдер мен сериалдар жайлы онлайн мәліметтер базасы) — 375,7 мың теңге.

Атап өту керек, Мемлекеттік кірістер комитетінен алған мәліметтерге сенсек, тіркелген шетелдік компаниялардың ішінде ҚҚС төлемегендері де кездеседі. Комитет қызметкерлерінің түсіндіруінше, компаниялар елімізде тауар сатқанда немесе қазақстандық тұтынушыларға қызмет көрсеткенде ғана салық төлейді. Сондықтан ҚҚС төлегені жайлы дерек болмаса, демек осы кезеңде бұл компания қазақстандықтарға ешқандай қызмет көрсетпеді немесе ештеңе сатпады деген сөз.

Төрт жылда шетелдік интернет-компаниялар қанша салық төледі?

«Google салығынан» түсетін қаржы жыл сайын ұлғайып келеді:

  • 2022 жылы — 10,4 млрд теңге;
  • 2023 жылы — 24,3 млрд теңге;
  • 2024 жылы — 35 млрд теңге;
  • 2025 жылы — 57,6 млрд теңге;
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан 1 тамызға дейін — 51,5 млрд теңге.

Ең үлкен өсім былтыр болған. Шетелдік компаниялар өткен жылмен салыстырғанда 22,6 млрд теңгеге артық салық төлеген екен.

Алайда биылғы салық түсімдері одан да асып түсуі мүмкін. Өйткені биылғы жеті айдың өзінде компаниялар салыққа 51,5 млрд теңге аударған, бұл былтырғы жыл бойы төлеген жетеғабыл көрсеткіш.

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите