Күнделікті шығынды азайтуға көмектесетін 5 лайфхак

Күнделікті шығынды азайтуға көмектесетін 5 лайфхак

фото: pixabay.com

Күнделікті алынған бір шыны аяқ кофе, «асығып бара жатыр едім» деп шақырған такси немесе ай сайын картадан автоматты түрде ұсталып тұратын байқалмайтын жазылымдар… Бұл — байқалмайтын, бірақ ай соңында әжептәуір ақшаны «жеп қоятын» ұсақ шығындар. baribar.kz артық шығынды азайтудың 5 қарапайым әрі тиімді жолына шолу жасады.

«Латте эффектісі»

Шын мәнінде, күнделікті әдеттерімізді сәл ғана өзгерту арқылы айына 50 000 – 60 000 теңге, ал жылына 200 000–300 000 теңгеден астам қаражатты сақтап қалуға болады.

Аптасына 5 күн жолда бара жатып 1 200–1 500 теңгеге кофе сатып алу — айына орта есеппен 30 000 теңге шығын. Каржы мамандары мұны «Латте эффектісі» деп атайды.

Лайфхак: Бұл кофеден толықтай бас тартыңыз деген сөз емес. Сүйікті сусыныңызды үйден термокружкаға дайындап алып жүруді немесе оны аптасына 1-2 рет қана өз-өзіңізге жасайтын «сыйлық» ретінде қалдыруды әдетке айналдырыңыз.

«Латте факторы» терминінің авторы Дэвид Бах жазғандай, күнделікті ұсақ шығындарды шектеу адамның ұзақ мерзімді қаржы тұрақтылығын 30%-ға арттырады.

Карточкаңыздағы «жасырын» жазылымдарды тексеріңіз

Бұрын байқаусызда қосып алған немесе «алғашқы айы тегін» деп жазылған онлайн-кинотеатрлар, музыка сервистері мен мобильді қосымшалар ай сайын картаңыздан ақша шешіп отыруы мүмкін. Мұндай 2-3 жазылым айына 4000–6000 теңге болуы мүмкін.

Лайфхак: Мобильді банк тарихын тексеріп, кейінгі 1-2 айда қолданбаған барлық сервистен жазылымды өшіріңіз.

Такси емес, қоғамдық көлік немесе «динамикалық баға»

Қазақстанда жаңбыр жауғанда немесе қарбалас сәтте (час пик) такси бағасы 2-3 есеге дейін өсетіні бәрімізге таныс. Такси қызметтері тарифті сұранысқа қарай автоматты түрде көтереді.

Лайфхак: Жолға 15-20 минут ерте шығып, қоғамдық көлік пайдаланыңыз немесе таксиді қарбалас уақыт басталғанға дейін тапсырыс беріп үлгеріңіз. Бұл күніне кемінде 1500–2000 теңге үнемдейді.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (AZRK) ресми деректері бойынша, сұраныс шарықтаған шақта цифрлық сервистердің динамикалық тарифі бағаны бірден 200–300%-ға дейін өсіріп жібереді

«50/30/20» қаржы бюджеті ережесін қолданыңыз

Ақшаны ретсіз жұмсамаудың ең танымал әрі жұмыс істейтін формуласы — айлық табысты үш бөлікке бөлу.

50% — міндетті шығындар (коммуналдық төлемдер, азық-түлік, несие, пәтерақы).

30% — жеке қажеттіліктер мен көңіл көтеру (киім, кино, кафе).

20% — жинақ немесе депозит.

Лайфхак: Табыс түскен бойда ең алдымен 10-20%-ын депозитке салып тастаңыз. Ал қалған ақшаға күнделікті лимит белгілеңіз.

Дүкенге тек тізіммен және «қарның тоқ» күйінде барыңыз

Аш қарынға супермаркетке кірген адам жоспарланбаған тауарларды 40%-ға көп сатып алады. Ал касса жанында тұрған тәттілер мен сағыздар — маркетологтардың арнайы құрыған тұзағы.

Лайфхак: Дүкенге барар алдында телефонға керек-жарақтың нақты тізімін жазып алыңыз және одан ауытқымаңыз.

 

Материал baribar.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите