«Ирандағы соғыс таяу арада аяқталады». АҚШ президенті Дональд Трамп осындай мәлімдеме жасады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сонымен қатар, ол қазір америкалық әскер кейбір қару түрлері бойынша таршылық көріп отырғанын да ашық айтқан.
Бұдан бөлек, Ақ үй басшысы АҚШ-тың қорғаныс компаниялары «Патриот» және «Томагавк» зымырандарын өндіретін көп зауыт салып жатқанын жеткізді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті: - Соғыс өте жақын арада аяқталады деп ойлаймын. Иран ұзаққа бармайды. Келіссөздерден де қалыс қалмаймыз. Кейбір қарудан таршылық көріп жатырмыз. Оны жасырмаймын.
АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс әскери текетірестен әлдеқайда кең дағдарысқа айналып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл соғыс тек майдандағы шайқас емес, сонымен қатар экономикалық және геосаяси қысымның күресі, деп жазды baq.kz..
Қазіргі басты сұрақ – қай тарап ұзақ уақыт бойы ауыртпалыққа шыдай алады.
Мұнай бағасы соғыстың негізгі экономикалық әсерін көрсетті. Қақтығыс басталғалы әлемдік мұнай нарығы қатты құбылды.
Бұл қақтығыс тек Иран мен АҚШ-қа ғана әсер етіп отырған жоқ. Парсы шығанағындағы бірқатар мемлекеттер де жағдайдың салдарын сезіне бастады.
Иран зымырандары мен дрондары аймақтағы мұнай кен орындарына, қалаларға және маңызды инфрақұрылым нысандарына бағытталған.

Фото: pixabay.com.
Сонымен қатар Израиль де Иранның зымыран шабуылдарының нысанасына айналып отыр. Ел қалаларында әуе дабылы жиі қосылып, мектептер мен кейбір мекемелердің жұмысы уақытша тоқтатылған. Бұл өңірдегі күнделікті өмірге айтарлықтай әсер етті.
Сарапшылардың пікірінше, Иран үшін соғыстағы басты мақсат – билікті сақтап қалу. Елдің теократиялық басшылығы экономикалық және әскери шығындарға қарамастан билікті ұстап тұруды маңызды санайды.
Ал АҚШ президенті Трамп соғыстың нақты мақсатын әртүрлі сипаттап келеді. Кейде ол Ирандағы билікті өзгерту туралы айтса, кейде Тегеранның Израиль мен аймаққа қауіп төндірмеуі жеткілікті екенін айтады.
Ақпарат baq.kz, 24.kz сайттарынан алынды.