8-тамыз халықаралық офтальмология күні. Осыған орай Ұлттық госпитальдің офтальмолог дәрігері Шахмардан Құттыбаймен сұхбаттасқан едік.
Дәрігер қазіргі таңда ең жиі кездесетін көз ауруларының қатарына жақыннан көргіштік, алыстан көргіштік, астигматизм, құрғақ көз синдромы, катаракта, глаукома, диабеттік ретинопатия және жасқа байланысты макула дегенерациясы жататынын атап өтті. Сондай-ақ көздің қызаруы мен қабынуына әкелетін конъюнктивит те жиі кездесетініні және соңғы жылдары компьютер мен смартфонды ұзақ қолдануға байланысты көздің шаршауы мен құрғақ көз синдромы айтарлықтай көбейгенін айтты.
- Елімізде көз аурулары бойынша ресми статистика жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, көз және оның қосалқы аппаратының аурулары кең таралған. Оның ішінде катаракта, глаукома, миопия, конъюнктивит және басқа да офтальмологиялық аурулар жеке есепке алынады. Жалпы алғанда, көз аурулары азайып жатыр деп айту қиын. Керісінше, бірқатар патологиялар жиі кездеседі. Бұл тек аурудың көбеюі ғана емес, сонымен қатар диагностиканың жақсаруы және халықтың профилактикалық тексерулерге көбірек тартылуына байланысты. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, скринингтік тексерулер барысында ғана 5 мыңнан аса глаукома жағдайы анықталған. Сонымен қатар 2024 жылы скрининг нәтижесінде анықталған аурулардың жалпы саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,5%-ға артқан. Бұл ең алдымен скринингтің қолжетімді болуы мен ерте диагностиканың жақсарғанын көрсетеді- дейді Шахмардан Құттыбай..
Көз ауруларының артуына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы артып келеді, соған байланысты катаракта, глаукома және жасқа байланысты макула дегенерациясы сияқты аурулар жиілейді. Екіншіден, қант диабеті мен артериялық гипертонияның көбеюі диабеттік ретинопатия сияқты ауыр көз асқынуларының санын арттырады. Үшіншіден, қазіргі таңда адамдардың экран алдында ұзақ уақыт отыруы жақыннан көргіштік, құрғақ көз синдромы және көздің шаршауы сияқты мәселелердің жиілеуіне әкеліп отыр.
- Біздің басты міндетіміз – ауруды емдеу ғана емес, оны ерте анықтау. Себебі глаукома сияқты көптеген көз аурулары алғашқы кезеңде ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Уақытылы тексеріліп тұрған жағдайда көру қабілетін сақтап қалуға толық мүмкіндік бар. Бұл аурулардың әрқайсысының емі әртүрлі. Катаракта – толық емделетін аурулардың бірі. Бұлыңғырланған көз бұршағы арнайы операция арқылы алынып, оның орнына жасанды линза салынады. Бұл – қазіргі офтальмологиядағы ең тиімді операциялардың бірі.
Конъюнктивиттің көпшілігі дұрыс ем қабылдағанда толық жазылады. Бірақ оның бактериялық, вирустық және аллергиялық түрлері бар болғандықтан, өз бетімен емдеуге болмайды.Глаукома – созылмалы ауру. Оны толық емдеп жіберу мүмкін емес бірақ ерте анықталып, ем дұрыс қабылданса, аурудың дамуын тоқтатуға немесе баяулатуға болады және көру қабілетін ұзақ сақтап қалуға мүмкіндік бар . Ал халық арасында айтылатын «көзге ақ түсу» әртүрлі ауруды білдіруі мүмкін. Кей жағдайда ол катаракта болса, кейде қасаң қабықтың бұлдырлануы немесе басқа патология болуы мүмкін. Сондықтан нақты диагноз қойылмай тұрып, ем туралы айту дұрыс емес–дейді дәрігер..
Шахмардан Құттыбайдың айтуынша бұрын көбіне ересек адамдарда кездесетін кейбір көз аурулары бүгінде жастар арасында да жиілеп кеткен. Әсіресе жақыннан көргіштік, құрғақ көз синдромы және көрудің тез шаршауы мектеп оқушылары мен студенттер арасында жиі анықталады екен. Бұған экран алдында ұзақ уақыт отыру, таза ауада аз жүру, дұрыс тамақтанбау және физикалық белсенділіктің төмендеуі әсер ететін көрінеді. Ал глаукома мен катаракта көбіне егде жаста кездескенімен, олар да кейде жастарда, әсіресе жарақаттан кейін немесе белгілі бір аурулардың салдарынан дамитын көрінеді. Дәрігер көздің саулығын сақтау үшін бірнеше қарапайым ережені сақтауды ескертті. Компьютер немесе телефон қолданғанда әр 20 минут сайын 20 секундқа алыстағы нысанға қарау және дұрыс ұйықта, көзді шамадан тыс шаршатпау.
Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы