Бүгінде қыз балаларға қызғылт, ал ұлдарға көк түсті киім таңдау қалыпты дәстүрге айналған. Алайда бұл қағида әрдайым осылай болған жоқ. Тіпті бір ғасыр бұрын жағдай мүлде керісінше еді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына дейін Еуропа мен Ресейде ұл да, қыз да шамамен 6–7 жасқа дейін ақ көйлек киген. Мұның басты себебі – ақ матаны ағарту оңай болған және кең пішімді көйлек сәбиге күтім жасауға жеңіл болған.
Кейін балалар киімінде нәзік реңкті түстер пайда болғанымен, қай түстің қай жынысқа тән екені ұзақ уақыт бойы нақты қалыптаспады. Мысалы, 1918 жылы АҚШ-та шыққан сауда журналдарының бірі қызғылт түс ұлдарға, ал көк түс қыздарға лайық деп жазған. Ол кезде қызғылт түс қызыл түстің жұмсақ реңкі болғанымен, батылдық пен күштің белгісі саналған. Ал көк түс нәзіктік пен сабырлылықтың символы ретінде қыз балаларға ұсынылған.
1927 жылы Time журналы АҚШ-тағы ірі дүкендер арасында сауалнама жүргізгенде де ортақ пікір болмаған. Сауалнамаға қатысқан сатушылардың жартысы қызғылт түсті қыздарға, көкті ұлдарға лайық десе, қалғаны керісінше пікір білдірген.

Фото: pixabay.com.
Зерттеушілердің айтуынша, «қызғылт – қыздарға, көк – ұлдарға» деген түсінік тек XX ғасырдың ортасында ғана кеңінен қалыптаса бастаған. Бұған балалар киімін өндірушілер мен сатушылардың маркетинг стратегиясы, ата-аналардың сұранысы әсер еткен.
1980 жылдары жүктілік кезінде баланың жынысын ультрадыбыс зерттеуі (УДЗ) арқылы алдын ала анықтау мүмкіндігі кең тарады. Осыдан кейін ата-аналар дүниеге келмей тұрып-ақ ұл немесе қыз балаға арналған киімдерді сатып ала бастады. Бұл балалар киімін жынысына қарай бөлу дәстүрін одан әрі күшейтті.
Кейінгі жылдары бейтарап түсті балалар киіміне қызығушылық қайта артып келеді. Мамандар мұны қоғамдағы көзқарастың өзгеруімен және балалар киіміндегі гендерлік стереотиптердің біртіндеп әлсіреуімен байланыстырады.