фото: https://sputnik.kz
Жылына 100 млн доллардың азық-түлігі сырттан келеді
Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті басқа өңірлерден Маңғыстауға жеткізу үшін "айрықша төмен тариф" енгізу мүмкіндігін қарастырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік өнімдерін шетелге экспорттамас бұрын, ең алдымен, отандық нарықты қамтамасыз ету керек екенін айтты.
Айтуынша, Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін арттырып, азық-түлік нарығын дамыту аса маңызды. Агроөнеркәсіп саласы – ел экономикасын дамыту ісіндегі стратегиялық басымдықтың бірі.
"Мен халықаралық форумдарда әлемдік нарыққа азық-түлік өнімдерін көптеп шығара аламыз деп жиі айтамын. Бұған бізде мол мүмкіндік бар. Бірақ, ең алдымен, өз елімізді сапалы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуіміз керек. Маңғыстау өңірі үшін бұл мәселе айрықша маңызды. Аймақ тұрғындары жыл сайын 100 миллион доллардың азық-түлігін сырттан алады. Мұндай тәуелділік оның бағасына тікелей әсер ететіні белгілі", - деді Тоқаев Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесу барысында.
Президенттің сөзіне сенсек, жыл басынан бері азық-түлік бағасы 20 пайыздан астам қымбаттаған. Көбіне мұндай ахуалдың қалыптасуына аймақтың орналасқан жері мен логистика мәселелері себеп болып отыр.
"Маңғыстау Қазақстанның көлік-транзит стратегиясында маңызды рөл атқарады. Мұнда азық-түлікті экспорттау және импорттау мүмкіндігін кеңейткен жөн. Сондай-ақ, өңірдің көлік-логистика әлеуетін арттыру керек", - деді ол.
Транзиттік тауарлардың бір бөлігін ішкі нарыққа бағыттап, азық-түлік бағасын төмендетуге болады. Алпауыт елдердің бір-біріне санкция салуы жағдайды қиындатып тұр. Шетелдік серіктестерімізбен бірге ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін кәсіпорындар салу мәселесін қарастыру қажет. Сосын одан шыққан дайын тауарды қайтадан экспорттауға болады, - деп жалғастырды сөзін мемлекет басшысы.
"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін еліміздің басқа өңірлерінен Маңғыстауға жеткізу маңызды. Үкімет мұндай тауарларды осы жаққа тасымалдау үшін "айрықша төмен тариф" енгізу жайын пысықтасын", - деді Тоқаев.
Азық-түліктің дүкендегі бағасына әсер ететін артық делдалды алдымен мейлінше азайтып, содан кейін бәрінен арылу керек. Тамақ өнімдерін сақтайтын орындарды көбейту – өзекті мәселе. Қазір мұнда көтерме сауда және тауарды бөліп-тарату орталығы салынып жатыр. Оның құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау қажет, деп тапсырды президент.
"Жаңа қоймалар салу үшін әкімдік жеке инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер беруі керек. Біз азық-түлік өнімін өндірушілерді алдын-ала қаржыландыру тәсілін енгіздік. Мұны облыстың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тиімді пайдалануына болады. Өнімді сатып алу үшін өзге өңірлердегі шаруалармен алдын-ала келісімшарт жасауға мүмкіндік бар. Бұл жұмыста бәрін дер кезінде жасау өте маңызды", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Осы орайда Тоқаев нарықтың бет алысын мұқият зерделеп, ертерек қамдануға кеңес берді. Өйткені былтыр қатты қуаңшылықтың және жем-шөп тапшылығының кесірінен ауыл халқы қаншама малынан айырылған болатын.
"Мұндай жағдайдың қайталануына жол беруге болмайды", - деді президент.
sputnik.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через