Жігіттер де тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды

Жігіттер де тұрмыстық зорлық-зомбылыққа  ұшырайды

Бүгін біздер 21 ғасырда, заманауи дамыған қоғамда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, отбасында болып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды – онысы бекер.  Конституциямызда адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған.

Ер азаматтар да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа  ұшырайды. Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспановтың айтуынша, отбасында қорлық көретіндер әйелдер ғана  емес. Ерлер де қиындықтарға тап болады екен. Статистика бойынша, зорлық көрген ер адамдардың үлесі -46 процент. Ол көп жағдайда ішімдіктің кесірінен болатын көрінеді.  Соңғы статистикаға сүйенсек, ресми орындарға жүгінген жәбірленушілердің  54 пайызы әйелдер. Қалғаны ерлер. Тұрмыстық салаға тек ерлі-зайыптылар арасындағы ғана емес,  әке мен бала,туған бауырлардың арасында болатын түсінбеушілік, келіспеушілік те жатады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73 бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

 

      Зорлық-зомбылық түрлері

Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 4 бабына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық тек күш көрсету немесе психологиялық қана емес, сексуалдық және (немесе) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін.

Күш көрсету зорлық-зомбылығы - дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру.

Психологиялық зорлық-зомбылық - адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды е өмірге, денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту.

Сексуалдық зорлық-зомбылық - адамның жыныстың тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.

Экономикалық зорлық-зомбылық - адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 73 бабына сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер қатарана былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер жатады.

 

          Не істеу керек?

Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырасаңыз, бұл туралы үндемей қоймаңыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында оның құрбандары немесе куәгерлері ішкі істер органдарына арызбен жүгінуі қажет. Жәрленушілерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану, сондай-ақ оларды Мамандандырылған дағдарыс орталығына бағыттау құқығы бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалғаны туралы арызбен полицияның учаскелік инспекторына немесе сенім телефондарына (1415 - тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер үшін) хабарласу қажет.

 

Ішкі істер органдары қандай шаралар қолданады?

Жәбірленушілерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану құқығы бар.

  1. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адаммен профилактикалық әңгімелесу жұмысы атқарылады. Осындай әңгімелесудің негізгі міндеттері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаудың себептері мен жағдайларын анықтау.
  2. Ішкі істер органы жергілікті полиция қызметінің басшысы немесе орынбасары, учаскелік полиция инспектор немесе кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор он алты жасқа толған, есі дұрыс адамға қатысты қорғау нұсқамасын шығарады. Өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адамды ішкі істер органдары профилактикалық есепке қояды.
  3. Әкімшілік ұстау –тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды арнаулы орында мәжбүрлеп ұстай отырып, бас бостандығынан айыру.
  4. Мәжбүрлі амбулаториялық бақылау және психиатрда емделу, жалпы үлгідегі, мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлі шараларды Қылмыстық Кодекске сәйкес сот тағайындайды.
  5. Ата-ана құқықтарын шектеу немесе айыру. «Неке және отбасы туралы» Кодекске сәйкес, егер ата-аналар ата-аналық мiндетiн орындаудан жалтарса, оның iшiнде алимент төлеуден қасақана жалтарса, өздерiнiң ата-ана құқықтарын теріс пайдаланса, балаға қатыгездік көрсетсе, оның ішінде оған күш қолданса немесе психикасына зорлық жасаса олар ата-ана құқықтарынан айрылады.

 

Фото nur.kz newtimes.kz сайтынан алынды