фото: https://sputnik.kz
Жетісайда бір мектептің барлық түлегі грантқа түсті
Түркістан облысының Жетісай қаласында бір мектепті бітірген 63 түлектің бәрі грантқа түсті.
Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп гимназияның биылғы түлегі Дана Әлайдар да ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинады. Сөйтіп өзі қалаған мамандық бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түсті.
"ҰБТ білетін адамға оңай, білмейтінге қиын. Бірақ сұрақтары әркезде әртүрлі, қайталанып жатқан сұрақтар болған жоқ. Жалпы жаңа бағдарлама енгізілді. Сол себепті біз екі жақтан да оқып, талпынып, ізденіп, мұғалімдерден сұрап, алып шықтық. Өзімнің қалаған мамандығым – математика-педагогика саласына түстім", - дейді Әлайдар.
Дана 128 балл жинап, Сүлеймен Демирель атындағы университетке түсті.
Ал сынып жетекшісі Шынар Түймебаева түлектерді ҰБТ-ға қалай дайындағанын айтып берді.
"Таңертең сағат 7:45 мектепке келеміз. Сұхбаттасамыз, одан кейін сағат 8-де сабақ басталады. Түс мезгілінде және кешкі 22:00-23:00-ге дейін сабақта болдық. Оның барлығы ата-аналардың ұйымдастыруымен өтті", - деп атап өтті Түймебаева.
Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп алғаш 1986 жылы ашылған. Ал 2009 жылы гимназия атауы берілген. Ұлттық бірыңғай тестілеу басталған 2003-2004 жылдан бері бұл мектепті бітірген балалардың 444-і алтын белгі, 224-і үздік аттестат алған. Түлектердің 95%-ті мемлекеттік грантқа түскен.
Гимназия директоры Өмірхан Қозыбақтың айтуынша, мектеп ұжымында ауызбіршілік мықты.
"1-сыныптан бастап балаларды оқуға дайындаймыз. Соның нәтижесі былтыр мысалы, 58 бала бітірді. 40 алтын белгі, қалғаны үздік аттестат. Соның 57-сі мемлекеттік грантқа түсті. Биылғы бітіргендердің 30-ы алтын белгі, 21-і үздік аттестат, қалғаны жай аттестаталды – барлығы грант арқылы оқуға түсті", - деді Қозыбақ.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через