Қазақстандық жас робототехниктер әлемдік чемпионатта төртінші орын алды

Қазақстандық жас робототехниктер әлемдік чемпионатта төртінші орын алды

фото: www.enbekshiqazaq.kz

       Қазақстан құрамасы Корея Республикасының Инчхон қаласында өткен FIRST Global Challenge 2026 халықаралық робототехника чемпионатында іріктеу кезеңіндегі 11 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, қорытынды рейтингте төртінші орынға тұрақтады. Бұл нәтиже отандық жас инженерлердің әлеуеті мен халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте көрсетті.

       Қазақстан құрамасы бұған дейін төрт жыл қатарынан чемпион атанған. Биылғы жарыста да қазақстандық оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, әлемнің үздік командалары қатарынан көрінді.

       Ұлттық құрама сапында Алматы қаласындағы Махатма Ганди атындағы №92 мектеп-лицейінің оқушылары Хусейн Мақсұт пен Арнұр Абдулла өнер көрсетті. Жас робототехниктер мен олардың жоба жетекшісі Нұрсұлтан Ергеш Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасына тікелей байланыс арқылы қатысып, халықаралық жарыстың ерекшеліктері мен дайындық барысы туралы айтып берді.

       Әлемдік чемпионатқа жолдама алу оңай болған жоқ

       Қазақстандық команда халықаралық кезеңге дейін Орталық Азиядағы іріктеу жарысына қатысты. Бұл кезеңде еліміздің 40 командасы бақ сынап, әлемдік чемпионатқа жолдама алу үшін өзара бәсекеге түсті. Нәтижесінде үздік шыққан қазақстандық команда Инчхон қаласындағы жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.

       Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Ергештің айтуынша, FIRST чемпионатының бағыттары көп болғанымен, Global Challenge сайысы күрделілігімен ерекшеленеді.

       «FIRST чемпионатының бағыттары көп. Біз солардың ішіндегі ең күрделі жарыстардың бірі — Global Challenge сайысына қатыстық. Әлемдік деңгейдегі жарысқа жолдама алу үшін алдымен Орталық Азия іріктеуінен өттік. Оған елімізден 40 команда қатысты. Жарыста бірінші орын алған команда ғана әлемдік кезеңге жолдама алады. Біз іріктеуде жеңіске жетіп, жолдама алдық. Одан кейін Инчхон қаласында өткен жарыста өнер көрсеттік», — деді ол.

       Чемпионаттың тағы бір ерекшелігі — роботты тек ұйымдастырушылар ұсынған құралдар мен бөлшектерді пайдаланып құрастыру қажет. Қосымша бөлшектерді қолдануға рұқсат берілмейді. Сондықтан қатысушылар қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, роботтың әр механизмін мұқият ойластыруы керек.

       11 кездесудің барлығында жеңіске жетті

       Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде өткізген 11 кездесудің бәрінде жеңіске жеткенімен, жарыс қатысушылардан жоғары дайындық пен жылдам шешім қабылдауды талап еткен.

       «Біз 11 кездесудің бәрінде де жақсы нәтиже көрсеттік. Дегенмен жарыс оңай болған жоқ. Матчтар әр сағат сайын өтіп отырды. Оның үстіне, ойын басталғанға дейін қарсыласымыздың қай команда болатынын білмейміз. Қарсыластар кездейсоқ анықталады. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, әр кезеңнен өттік. Бұл біз үшін ең қиын жарыстардың бірі болды», — деді Нұрсұлтан Ергеш.

       Жарыс барысында командалар роботтарының мүмкіндіктерін ғана емес, тактикалық дайындығы мен өзара үйлесімділігін де көрсетті. Әр кездесуге жедел бейімделу, қарсыластың әрекетін бағалау және роботтың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды болды.

       Роботтың басты артықшылығы — допты жылдам жинау

       Қазақстандық команда роботты құрастыру кезінде доптарды көп мөлшерде жинап, оларды белгіленген бағытқа жылдам лақтыруға мүмкіндік беретін механизмге басымдық берген. Сонымен қатар робот арнайы механизм арқылы кедергіден жоғары көтеріле алады.

       Команда мүшесі Арнұр Абдулланың айтуынша, роботта арнайы көтерілу механизмі қарастырылған.

       «Роботта арнайы climb механизмі бар. Бұл механизм хэмп арқылы көтерілуге мүмкіндік береді», — деді ол.

       Ал Хусейн Мақсұт халықаралық жарыстың қызықты болғанын, алайда үлкен жауапкершілік пен тыңғылықты дайындықты қажет еткенін атап өтті.

       «Жарыс маған ұнады, бірақ қиын болды. Кейбір қарсыластарымыздың дайындығы осал болды. Біз өзімізді барлық жағынан жақсы көрсете алдық», — деді ол.

       Жас инженердің сөзінше, басқа елдердің командалары да ерекше инженерлік шешімдер ұсынған. Мәселен, Өзбекстан құрамасының роботы шағын әрі жылдам болған. Бұл қазақстандық қатысушыларға роботтың көлемі мен қозғалыс жылдамдығы арасындағы байланысты бағалауға мүмкіндік берген.

       «Қарсыластарымыздың арасында Өзбекстан командасының роботы да мықты болды. Ол шағын әрі жылдам еді. Ал біздің робот үлкендеу болды. Жалпы, роботты ықшам етіп құрастырған дұрыс екенін түсіндік. Сонда ол жылдамырақ жұмыс істейді», — деді Хусейн.

       Командалық жұмыс — жетістіктің негізі

       Робототехникада техникалық шешімдермен қатар, команда мүшелерінің өз міндеттерін нақты білуі де маңызды. Нұрсұлтан Ергештің айтуынша, бес оқушыдан құралған командада әр қатысушының жеке жауапкершілігі бар.

       Екі оқушы роботты басқарумен айналысса, біреуі бағдарламалық код жазады, ал қалған екеуі роботты құрастырады. Арнұр Абдулла инженерлік механизмдерді әзірлеп, роботты құрастыруға атсалысса, Хусейн Мақсұт инженерлік құжаттаманы дайындайды.

       Осындай міндеттерді тиімді бөлу команда мүшелеріне өз бағыттары бойынша тереңірек жұмыс істеуге, тәжірибе алмасуға және ортақ мақсатқа жұмылуға мүмкіндік береді.

       Жоба жетекшісінің пікірінше, Қазақстанда робототехника саласы қарқынды дамып келеді. Оқушылар арасындағы бәсекелестік те жоғары. Ал халықаралық чемпионаттарға қатысу жас инженерлерге өз білімін тәжірибеде сынап, әлемнің әр түкпірінен келген командалардың технологиялық шешімдерін зерттеуге жол ашады.

       Қазақстан құрамасының Инчхондағы нәтижесі — жас инженерлердің табанды еңбегі мен командалық үйлесімділігінің көрінісі. Ал жарыс барысында жинақталған тәжірибе алдағы халықаралық сайыстарда бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге негіз болмақ.

       https://kaz.inform.kz/



 

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз