фото: https://sputnik.kz
Жетіген ауылында ресми ақпарат бойынша 25 мыңға жуық тұрғын бар. Алматыдан 50 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде қордаланған мәселе шаш етектен. Соның бірі – биылғы жылу беру маусымы. Көгілдір отынның қысымы азайып, қақаған қыс бойы жетігендектер әбігерге түсті.
"Газ бір күн болса, бір күн жоқ. Айта-айта шаршадық. Әкімдікке шағым айтқан кезде жақсы бола қалады, сәлден соң газ қайта өшеді", - дейді Ержан Нұрбаев.
Ал көгілдір отынға қосылмаған тұрғындар үшін газ тартудың құны бұл жақта 1 миллионға жетіп тұр. Мұнымен қоса, Жетігенде қоғамдық көлік жетіспейді.
"1988 жылдан бері тұрамын. Бұл жаққа 220 деген автобус жүреді. Оның өзі вокзалға дейін келеді. Ары қарай 3 шақырым жер жаяу жүреміз. Ол автобустың өзі жиі жүрмейді. Ең болмаса "Дария" деген дүкенге дейін барса деп әкімдікке өтініш жазып өткіздік. Одан бері екі жыл өтті. Еш нәтиже жоқ", - дейді Нағима есімді Жетіген ауылының тұрғыны.
Ал қоғамдық көлік жүргізушілерінің өз базынасы бар.
"Біз негізі қалалық маршрутқа жатамыз, бірақ облыс жұртшылығын тасимыз. Заң бойынша қалалық бір маршрут күніне 350 шақырым жүру керек, ал біз 630 шақырым жүреміз. Бізге сол 650 шақырымға ғана жанар-жағармай беріледі. Одан артыққа жүре алмаймыз, техникамыз да жетіспейді", - дейді №220 бағдар бригадирі Ғалымжан Алтынбеков.
Жүргізушілерді мезі еткен жайт – жол ақысын төлемеу. Жолаушылардың 40%-і 80 теңгені төлемей кетеді. Салдарынан қоғамдық көліктер сынса жөнделмейді. Өйткені көлік бөлшегін сатып алуға қаражат жоқ.
Жетіген тұрғындары қара жолдың да азабын тартып келеді. Қоныстанғандарына 10 жылдан асса да, бұл маңда жол салынбаған. Жауын-шашынды күндері толарсақтан саз кешіп, кейді тіпті үйден шыға алмай қалатын күндеріміз болады, дейді олар. Бұл аздай Жетігенде электр жарығы мәселесі де шешілмеген.
"Электр жарығы жоқ. Болған күннің өзіне 140-150 вольт. Қараңғы үйде түртінектеп жүреміз. Бір бөлмеге кіру үшін, барлық бөлменің жарығын өшіріп тастаймыз. Соның өзінде үй қап-қараңғы. Қаншама рет тұрмыстық техникамыз күйіп кетті. Балалар сабақ оқи алмайды. Электр жарығының салдарынан су насосы қаншама рет күйді. Ол судың өзі сапасыз, дәмі кермек. Амалсыз ішіп отырмыз", - дейді Сержан Ақылбаев (аты-жөні өзгертілген).
Жетігендіктердің айтуынша, электр бағаналарын көшеге тартып қойған, бірақ әкімдік жарық қосуға рұқсатын бермей отырған көрінеді.
Жетігеннің жетіп артылатын проблемаларының қатарында теміржол да бар. Тарихы сонау Түрксіб теміржолынан басталатын Жетіген вокзалында жаяу жүргінші өтетін көпірлер жоқ. Салдарынан халық теміржолдан жаяу өтіп, вагондардың астымен жорғалап жүр.
Жетігенде ең аяғы ұялы байланыс та жоқ.
"Мүлдем сөйлесе алмаймыз. Қаладан Жетігенге кіргенде байланысы, суы жоқ, жарығы мен жолы жоқ айдалаға келгендей боламыз. Сатайық десек, үйіміз өтпейді. Біз он жылдан астам шыдап келеміз. Әкімдік барлық жағдайды біледі. Айта-айта шаршадық, мәселе енді шешілмесе біз нақты әрекетке көшеміз", - дейді жетігендіктер.
Ал ауылға жауапты ауыл әкімдігінің уәжі мынадай: "Ауылдың төменгі тұстарында расымен газ қысымы төмен болды. Күн суықтан газ құбырларының бұрылыстарында конденсат жиналған. Қазіргі таңда бәрі жақсы. Газ толығымен жетіп жатыр. Ал ПМС жаңа тұрғын үй массиві теміржолдың арғы бетінде орналасқандықтан, газ тарту мәселесі республика деңгейінде "Қазақстан Теміржолы" және "ЖақсылықГаз строй сервис" ЖШС компаниясы арасында келіссөз жүргізіліп жатыр. "Жақсылық Газ строй сервис" ЖШС басшылығының айтуынша, биыл мамыр-маусым айларында теміржолдың арғы бетіне өту жоспарланып жатыр", - дейді Жетіген ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әбілов.
Ал электр жарығы бойынша трансформаторлық қосалқы станциялардың құжаттары дайындалып жатыр. Әкімдік "алдағы күндері электр қуаты қосылады және электр жарығы бойынша барлық мәселе толықтай шешіледі" деп уәді берді.
"Маршрут бойынша соңғы аялмадама жолаушылар тасымалдаумен айналысатын "СамАВТО" ЖШСнің талаптарына сәйкес, жүргізушілерге арналған кеңістік, күтетін орын, асхана, демалатын орын және әжетхана болуға тиіс. "Жетіген" вокзалында барлық шарттар қарастырылған. Дегенмен Ұлы дала көшесінің төменгі жағында тұратын тұрғындар арасында наразылық бар. Осығын байланысты жолаушылар тасымалдаумен айналысатын "СамАВТО" ЖШС-нің басшылығымен аялдаманы өзгертуге келіссөз жүріп жатыр", - дейді Нұрлан Әбілов.
Ауыл әкімінің орынбасары Қуаныш Саттарбайдың айтуынша, жетігендіктер енді 3-4 ай шыдаса ауыз суға да жарып қалады.
"Ауыз су мәселесі шешіледі. Қазіргі таңда су құбырлары мен құдықтар салынып қойды. Енді су қошауы салынып жатыр. Бұл нысанның берілу мерзімі - сәуір айы. Жерасты қазба жұмыстарының бәрі жүргізіліп қойған", - дейді Қуаныш Саттарбай.
Ал ұялы телефон байланысына келсек, Жетігендегі жаңа массив кеңейіп, тұрғын үйлер салынып, қолданушылар көбеюіне байланысты интернет кейбір жерде ұстамай қалған.
Әкімнің айтуынша, ТЕЛЕ2, ALTEL компанияларын шақыртып, зерттеу жүргізіп, қосымша 2 антенна қоюды шешкен. Қазіргі кезде орындарын анықтап орнату жұмыстары басталып кетті.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через