Енді 2023 жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушілер әр қызметкеріне өз есебінен 5 пайыз жарна аударуы мүмкін. Ал қазіргі уақытта айлығының 10 пайызын аударып келе жатқан жұмысшылар әрі қарай да төлем жасауға міндетті. Еңбек министрлігі мұны ел азаматтары мардымды зейнетақы алсын деген мақсатта ұсынып отыр екен. Ал базалық зейнетақыны арттырудың тетіктеріне министрлік тек 7 жылдан кейін кіріспек.
Айлығының 10 пайызын зейнетақы қорына аударып отырған кейбір азаматтар, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тағы жұмыс беруші өз есебінен 5 пайыз жарна аударады дегенге сеніңкіремейді. Түбі жалдамалы жұмысшының айлығы қысқарып шыға келеді деп үрейленеді. Үкімет бұл бастаманы жөнді іске асырса, онда септігін тигізетіні сөзсіз дейді.
Бұдан бөлек, Еңбек министрлігі 2028 жылдан бастап, Қазақстанда кепілдендірілген ең төменгі зейнетақы енгізуді ұсынып отыр. Ол қазіргі базалық зейнетақы төлемін алмастырады. Министрлік, еңбек өтілі бес жылдан аз азаматтарға ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызы шамасында кепілдендірілген зейнетақы төлеуді жоспарлаған. Мысалы, қазіргі уақытта ең төменгі базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды, яғни биыл бұл төлем – 18 524 теңгеге тең. Айта кету керек, Ең төменгі базалық зейнетақыны қазіргі уақытта еңбек өтілі 10 жыл немесе одан аз қазақстандықтар алады. Егер еңбек өтілі көп болса, зейнетақы мөлшері де көбейеді. Кепілдендірілген зейнетақыны есептеу кезінде ең төменгі еңбек өтілін 5 жылға дейін қысқарту жоспарлануда. Сондай-ақ зейнетақы мөлшерін шектеуді алып тастауды да Еңбек министрлігі көздеп отыр екен.
Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 13 триллион теңгеге жуық қаражат жатыр. Оның қомақты бөлігі міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақталған. Ол сіз бен біздің ай сайынғы жалақымыздың 10 пайызынан ұсталынатын жарна. Ал зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асатын сома қазақстандықтардың 7 пайызына ғана қолжетімді болған екен. Осыған қарап-ақ, Еңбек министрлігінің кезекті реформасы зейнетақы жүйесіне айтарлықтар өзгерістер енгізе алмайды дейді кейбір экономистер
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через