фото: bankitb.ru
Бұл жаңылыс жазылған ақпарат емес. Егер білмесеңіз, есіңізде жүрсін. Кез келген тауардың мемлекеттік стандартқа сәйкес бекітілген кепілдік мерзімі болады. Яғни, етік алсаңыз бір қыс киіп шығатындай болу керек. Ол аяқ киімді жазда сатып алсаңыз да оның мерзімі қыстың бірінші айынан басталады. Сондықтан киім сатқан дүкен сіздің талабыңызды орындауы керек. Көңілден шықпаған тауарды басқасына ауыстырып алу, қайта өткізу немесе оны жөндеуге қажетті қаражатты өндіріп алу тек тұтынушының өз қалауымен шешілуі тиіс. Егер сіз алған тауарда ақау болса, соған ұқсас басқасы қанша қымбат тұрса да сатушы қосымша ақша төлетпей сізге ауыстырып беруі керек. Сонымен қатар, кепілдік мерзімі соңғы алған тауарға сәйкес ұзартылуы тиіс.
Шынын айту керек, кез келген азамат күн сайын немесе апта сайын бір зат сатып алып жатады. Дүкен аралағанды ұнатпайтын азаматтардың өзі айына бір киім алады. Алайда осының бір пайдасы тиіп қалар деп "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" заңмен арнайы танысатын отандастарымыздың қатары көп емес. Сондықтан қаперіңізде жүрсін, сатып алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде көңіліңізден шықпаған тауарды ауыстыруға немесе оның ақшасын сатушыдан қайтарып алуға болады.
Жарамдылық мерзімі өткен соң сатылған, техникалық регламенттерде, өнімдер жөніндегі нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға сай келмейтін тауарды оның пайдаланылғанына, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбаларының сақталуы-сақталмауына қарамастан сатылған тауарды сатушы мен өндіруші қайтып алуға міндетті, деп жазды informburo.
Жалпы тұтынушы сатып алған кез-келген затынан не тауарынан кемшілік тапса не көңілінен шықпаса, оны күнтізбелік 14 күн ішінде сатушыға қайтаруға құқы бар. Тек, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, іш киімдер, жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын тауарлар қайтарылмайды.
Алайда «заманына қарай амалы» демекші, кейінгі кезде жұма күні жиһаз сатып алып, сенбі-жексенбі күндері қонақ күтіп, дүйсенбі күні жиһазды қайтарып беретін тұтынушылар пайда болыпты. Мұндайды естіп пе едіңіз?
Кейде қымбат көйлекті бір кешке немесе бір тойға киюге алып, қайтара салғысы келетін пысық әйелдер де бар екен. Мұндай жағдайда сатушы тауардың пайдаланылғанын дәлелдесе, тұтынушыдан барлық шығынды сот арқылы өтеп алуына болады.
Фотосурет bankitb.ru сайтынан алынды
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через