Жазға жетіп, арқамыз кеңіп қалады. Оқушылар да демалысқа шыққандарына мәз. Дегенмен күн ысығанда шомыламын деп жас балалар суға кетіп жатыр. Жарияланған ақпараттармен танысқанда соңғы бір аптада Шымкент пен Қызылордада 15-16 жастағы жеткіншектер опат болғанын, суретке түсемін деп бозбаланың Каспий теңізіне батып кеткенін естіп білдік. Ақтөбе облысында да өткен демалыс күндері 3 бірдей періште суға кетті. Мұндай қайғылы оқиғаның алдын алуға болмай ма? Бұған кінәлі кім?
Ақтөбе облысында үш бүлдіршін Ырғыз өзеніне батып кетті. Қайғылы оқиға Ақши ауылы маңында болды. Құтқарушылардың айтуынша, жағалауда ойнап жүрген 4-5 жасар балалардың бірі шомыламын деп суға тускен. Оның батып бара жатқанын байқаған қасындағы екі досы құтқармақшы болыпты. Ал төртінші бала бір шақырым жердегі ауылға көмекке жүгірген. Алайда балалардан көз жазып қалған ересектер дер кезінде жетіп үлгірмеген. Қаза болған үш баланың екеуі ағайынды.
Ақши ауылының тұрғыны жағажайға жеткенде балаларды құтқаруға кеш болған. Су терең емес, бір метр 30 см шамасында. Құтқарушылар мен дәрігерлер келгенше тұрғындар балалардың мәйітін жағаға алып шыққан. Жанболат Төлепбергенов, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері
Шымкентте оқыс оқиға Ақбұлақ арнасында болыпты. Табиғат аясына шыққан үш дос рұқсат етілмеген жерде шомылған. Суға секірген 16 жасар бозбала жағаға оралмаған. Марқұмның денесін судан жақын маңдағы ауыл тұрғындары алып шықты. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар суқойманың табанын зерттеп, қауіпті зат таппаған. Ағысы да қатты болмағанымен судың тереңдігі 3 метр. Осы оқиғадан кейін мамандар қолдан жасалған көлшікке шомылуға тыйым салды.
Үш жасөспірім шомылуға бюірге барған. Біреуі көмек сұрағанда қасындағы екеуі қол ұшын бере алмаған. Қазіргі таңда канал залалсыздандырылып, артынша жабылды. Ол жерде шомылуға тыйым салынғанын ескерткен тақтайша белгілері орнатылды. Нұржан Қаракөзов, Шымкент қ. Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығы
Ақтауда кеше суға кеткен жас жігіттің денесі 6 метр тереңдіктен табылды. Құтқарушылардың айтуынша, «Самал-2» шағын ауданы маңындағы жағажайға 2 ер адам шомылуға барған. Жастар сол жерде «Тикток» әлеуметтік желісіне қызықты видео түсірмек болып, теңізге секіреді. Өкінішке орай, 18 жастағы Боранқұл аулының тұрғыны сол күйі теңізден шықпай қалады.
Қайтыс болған бала Бейнеу ауданының тұрғыны болатын. Өнер колледжінің 1-курс студенті екен. Іздестіру жұмыстарына ТЖД 20 қызметкер жұмылдырылған болатын. Оның денесі жағадан 10 метр жерден табылды. Жандос Кенжебаев, Ақтау қалалық ТЖБ Басшысы
Қызылорда облысындағы Қорқыт ата кесенесіне саяхаттап барып, жоғалып кеткен баланың мәйіті екі күннен кейін табылды. Қайғылы оқиға 6 маусым күні Қармақшы ауданында болған. 15 жастағы жасөспірім ата-анасымен бірге Нұр-Сұлтан қаласынан келген. Кесенеге барған кезде белгісіз себептермен жасөспірім жоғалып кеткен. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар оны жақын жердегі Сырдария өзенінен іздестіре бастаған. Кейін баланың мәйіті судан табылды. Оқиғаның мән-жайын полицейлер анықтап жатыр.
Облыс аумағында жыл басынан бері 11 адам суға кетті. Оның бесеуі бала. Балалардың ата-ана қарауынсыз суға түсу фактілері тіркеліп отыр. Асхат Тоғызбаев, ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы
Қала аумағында орналасқан 55 мектептің күнделікті ата-аналар мен мұғалімдерге, сонымен қатар балаларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Павлодар облысында қауіпсіздік мектебі де ашылды Мұнда балаларға судағы қауіпсіздік ережесін үйретеді. Жоба бойынша оқушылар апта сайын екі сағаттық сабаққа қатысады. Мектеп оқушылары медицина апаттары орталығы, азаматтық қорғаныс саласы мамандарымен кездесіп, адамдарды құтқару дағдыларын меңгереді.
Мамандар оқушыларға өзен-көлдерде болатын оқыс оқиғаларда шұғыл әрекет ету ережелерін түсіндіреді. Себебі өткен шомылу маусымында алты жеткіншек суға кеткен. Дәрігер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсету тәжірибе жүзінде көрсетіледі. Мектепке ересектер де келе алады. Құтқарушылардың айтуынша, үлкендердің өзі қарапайым қауіпсіздік ережелерін білмейді.
Судағы қауіпсіздік қағидаларын үйрету және дәрігер келгенше бірінші көмек көрсетуге үйрету және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін арнайы сабақтар өткізіледі. Өйткені ересектердің өзі де осындай қауіпсіздік ережелерін білмейді. Теміржан Танжанов, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері
Қайғылы оқиғаға душар болғандардың дені қауіпсіздік ережелеріне енжар қарап, рұқсат етілмеген жерде шомылады. Сондықтан мамандар арнайы жабдықталған жерде ғана демалған дұрыс дейді. Әрбір жағажайға қойылатын қатаң талап та бар. Жағалауда құтқарушылар мен алғашқы медициналық көмек көрсете алатын мамандар болуы шарт. Суда жүзетін қайық, құтқару дөңгелегі сияқты құралдар да қол астында болуы тиіс.
Фото: gov.kz, freesmi.by
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через