Жаз мезгілі жұқпалы ішек ауруларының өршитін кезі - маман

Жаз мезгілі жұқпалы ішек ауруларының өршитін кезі - маман

Жаз келіп, күн ысығанда жұқпалы жедел ішек аурулары бас көтереді деуге болады. Әсіресе, көкөніс пен жеміс-жидектен уланып қалу қаупі арта түседі.  

Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Ержан Байтанаев Standard.kz порталының тілшісіне ішек инфекцияларының профилактикасы туралы айтып берді.

Ержан Байтанаевтың айтуынша, күн ысығанда жылдың басқа  мезгіліне  қарағанда ішек инфекцияларының өрши түседі.

«Жіті ішек инфекциясы - бактериялар мен вирустардың түсуінен, асқазан-ішек жолдарының зақымдануымен жүретін жұқпалы аурулар тобы. Ішектің ауруға шалдығуы, іштің бұзылуы организмінің кейбір тағамдарды қорыта алмауымен байланысты. Вирустық ішек инфекцияларының қоздырғыштары - ротавирустар, норовирустар, аденовирустар. Оның қоздырғыштары сыртқы ортада тұрақты, олар қолда, ыдыста, ойыншық пен тұрмыстық заттарда, топырақта және суда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Инфекция әдетте дезинфекция жасаған кезде өледі»,- дейді спикер.

Инфекция гигиеналық тазалықтың төмендігінен, азық-түліктерден: жуылмаған көкөніс, пісірілмеген сүт, сапасыз тағам пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен, лас суға түскендіктен жұғады.

«Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау шарттары мен мерзімдерін қатаң сақтау керек. Азық-түлікті арнайы сауда нүктелерінен және оның қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаты болған жағдайда ғана сатып алған жөн. Дайын тағам қалдықтарын міндетті түрде тоңазытқышта беті жабық ыдыста, шикі мен дайын тағамды бөлек ыдыста сақтау керек. Көкөністер мен жемістерді кем дегенде 2 сағат суға салып қойған дұрыс. Сол кезде ондағы нитрат жойылады. Тұтынар алдында қайнаған сумен бір шайып алсаңыз артық болмайды»,- дейді Ержан Байтанаев.

Оның айтуынша, табиғи жолмен ешқандай нитраттар қолданылмаған көкөніс пен жемістің дәмі де, иісі де ерекше болады.

«Көкөністер мен жеміс- жидектердің ел алдымен сыртқы түріне назар аударған дұрыс. Табиғи жолмен, өз уақытында піскен көкөністер мен жемістер дәруменге бай болады. Ал сырттан тасымалданатын жемістер де дәрумендер аз. Сондықтан жергілікті көкөністер мен жемістерді, дәлірек айтсақ, біздің елде өсетіндерді жиі пайдалануды ұсынамыз. Әрбір жемістің пайдасы алуан түрлі «,- дейді спикер.

Фото: twitter.comyesofcorsa.com