Павлодарда 60-қа жуық кітап оқыған оқушылар велосипед ұтып алды. Оқушылар бұл кітаптарды 5 айда оқып шыққан.
Павлодар қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Үздік оқырман» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.Байқау 12 сәуір мен 1 қыркүйек аралығында өтті. Оған қатысушылар 7-ден 15 жасқа дейін және 16 жастан жоғары болып екі топқа бөлінді.
Павлодар қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Айбек Оралхан байқауға 100-ге жуық адам қатысқанын атап өтті.
«Байқау біздің жүйеге қарайтын 13 кітапхана арқылы жүргізілді. Қалалық оқырмандар мен қала маңындағы ауылдардың оқырмандары қатысты. Екінші кезеңге 15 кітаптан жоғары оқыған 34 оқырманды іріктеп алдық. Бізден кітап алған кезде формулярында кітаптардың тізімі мен авторлары жазылады « , - деді Айбек Оралхан.
Қатысушылардың ішінде ең көп кітап оқыған - зейнеткер Қуат Шуақбаев. Ол 109 кітап оқыған. Бірақ ол денсаулығына байланысты екінші кезеңге қатысудан бас тартқан.
«Ересектер арасында көбіне зейнеткерлер қатысты. 80-ге жуық кітап оқығандар бар. Бірақ олар екінші кезеңге қатысудан бас тартып, сыйлықты жастарға беруді ұйғарды. Сондықтан екі велосипед те оқушыларға бұйырды « , - деді Айбек Оралхан.
Байқау қорытындысы бойынша ең жас оқырмандардың бірі 25 кітап оқыған №8 лицейдің 2-сынып оқушысы Игнат Гайсин трюктік самокат жеңіп алды. Сондай-ақ 59 кітап оқып, солардың мазмұны бойынша мүдірмей жауап берген қалалық №35 мектептің 6-сынып оқушысы Бердібек Жәнібекұлы мен 30 кітап оқыған Кенжекөл орта мектебінің 4-сынып оқушысы Бексұлтан Самиға велосипед иегерлері атанды.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через