Жасөспірімдер неге темекіге құмар немесе ересектер шылымға қанша ақша жұмсайды?

Жасөспірімдер неге темекіге құмар немесе ересектер шылымға қанша ақша жұмсайды?

Денсаулық – зор байлық. Онсыз адам өмірінің қызықты және бақытты болуы мүмкін емес. Денсаулықтың арқасында адам білім алып, жұмыс істеп, өзінің сүйікті ісімен айналысып, демалады.

Ал денсаулыққа ең зиянды нәрсе - темекі. Мұны бәріміз жақсы білеміз. ДДҰ-ның дерегіне сүйенетін болсақ, жер шарында шамамен 8 млрд адам тұрса, солардың 1 млрд 200 млн-ы темекі тартады.  

«Жыл сайын шылым тұтынушылар 5,7 млрд темекі данасын шегіп, 1 млн тонна шылым қалдықтарын тастайды екен» - деп хабарлайды The Tobacco Atlas атты бастамашыл американдық топтың аналитиктері.

Бұл ретте шылым шегуді жер бетіндегі адам өлімінің жетекші факторларының бірі деп санауға болады. Бұл зиянды әдет адам өмірін 10-14 жылға қысқартады екен.

Қазіргі заманауи қоғамда бұл жаман әдетке шалдыққандар - жасөспірімдер. Бұл - олардың психологиялық жетілмегендігіне, бөтен адамдардың ой-пікірлеріне ілесуге деген бейімділігіне, құрдастары арасында өздерінің беделін бекітуге байланысты.

Жасөспірімнің ойынша темекі тарту – танымалдық пен атақтылықтың тренді болып саналды. Ол осы бағытқа сәйкес болғысы келеді. Әртүрлі шайнауға болатын қоспаларды пайдалану (насыбай, снюс) сәннің бір түріне айналып барады.

Темекі тартқан кезде жасөспрімдердің жадысы қатты зақымданады. Эксперимент көрсеткендей, темекі тарту жаттау жылдамдығын және жады көлемін төмендетеді. Сондай-ақ, қозғалыстағы реакцияны бәсеңдетеді, бұлшықет күші төмендейді, никотиннің әсерінен көз көргіштігі нашарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы балалар арасында жүргізілген сауалнаманы жариялады. Зерттеу жасөспірімдер арасында темекіні тұтынудың кең етек алғанын көрсетті. Сауалнамаға қатысқан 11, 13 және 15 жастағы 36000-ға жуық оқушы өмірінде бір рет болса да темекі тартып көргенінін айтқан (4,8%).

11 жастан 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің темекі тартуы үш есеге артқа. Сауалнама көрсеткендей  қыздарға қарағанда 15 жастағы ер балалар темекіні көбірек тартады екен.

Ауылдық жерлерде тұратын балалар қала балаларымен салыстырғанда темекіні сирек шегетін көрінеді. Соңғы кезде темекі шегу ер балалар арасында едәуір артқан. 11 жастағылар арасында 2%, 13 жастағылар арасында 2,7% және 15 жастағылар арасында 6,7% құраған. Ал 11,13 және 15 жастағы қыздар арасында  темекі шегу 2%, 1,8% және 3,5% болған.

11, 13, 15 жастағы оқушылардың 2,5% -ы күн сайын темекі шегеді екен. Күн сайын темекі шегу ұл балалар арасында 13 жастан 15 жасқа дейін артып отыр.

«Темекі жүрек пен өкпеге үлкен зиянын тигізеді. Соны біле тұра өзім темекі шегуді тоқтауға қанша талпынсам да , қиынға түсіп жүр. Күніне бір қорап темекі шегемін. Оның жүрек пен өкпеге тигізер зияны зор»-дейді аты-жөнін атағысы келмеген танысым.   

Қазір бір қорап темекінің құны, жаңылыспасам  400 -500 теңге тұрады. Дағдыланған әрбір ересек темекі шегуші күніне 1 қорап темекі шегеді. Темекінің салдарынан болған ауруларды емдеу шығындарын санамағанда, жыл сайын жанұя бюджетінен 150 мың теңгеге жуық қаражат шығын болады. Ал егер темекі шегушінің дағдысы 10, 20 жыл болса, онда шығын қанша болар еді?

Мамандардың айтуынша, ересектерде темекі шегуге деген психологиялық қажеттілік қысым және стреспен күресуге, әйелдерде арықтауға деген тілектерге, ерік-жігердің жетіспеушілігіне, белгілі бір нәрсеге ойды аударуға байланысты екен.

Осыдан болса керек, елімізде темекі тартатындар қатары кемитін емес. Өнім бағасы өскен сайын, көбірек ақша жұмсауға да қиналмайтын секілді.

Energyprom.kz сайты мынадай қызықты зерттеу қорытындысын жариялады.

Елімізде темекі бұйымдарына бәрінен де Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көп ақша жұмсаған.

Аталған өңірде әр үйге шаққанда темекі сатып алуға 20,5 мың теңге шығындалыпты.

Биылғы ақпанның қорытындысы бойынша темекінің бағасы бір жылда 19%-ға өсті.

Бағаның қымбаттағаны, әсіресе елордалықтарға қатты білінді. Мұнда баға бірден 24,3%-ға көтерілген. Сондай-ақ баға қатты қымбаттаған бес өңірдің қатарында Шығыс Қазақстан, Ақмола,  Жамбыл және Алматы облыстары бар.

Биылғы қаңтар-ақпанда елімізде 2,3 млрд дана темекі, папирос және түрлі темекі бұйымдары шығарылғанын айта кетейік. Бұл былтырғы дәл осындай кезеңмен салыстырғанда 3,9%-ға аз.

Жалпы, елімізде темекі көп шегетін өңірлердің қатарында СҚО-дан бөлек, Павлодар, Ақмола облыстары да бар.

Егер жағдай өзгермесе, онда таяу жылдарда жарты миллиард адамның түбіне темекі жетуі мүмкін. Темекі тартатын адам күніне орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ішке түтін сорады. Қызығы сол, темекі шегуді о баста «ойнап» бастаған 100 адамның 80-і біртіндеп тұрақты шылымқорға айналады.

Қазір темекінің мыңнан артық зияны бар екені мәлім болып отыр. Сондықтан, темекі шекпейтіндер оған жоламай-ақ қойсын, шылымқорлар одан құтылудың жолын қарастырсын дегіміз келеді.

Фото www.the-village-kz.com, Хабар, almaty.ty