Жарнаманың тілі «қисайып» тұр
Алматыдағы мемлекеттік тілдің ақсап тұрған бір тұсы – көшедегі жарнамалар. Бұл тақырып бұған дейін де сан рет айтылып, жазылып жүрсе де, мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Оған кім жауапты?
Мемлекеттік тілді менсінбеушілердің кесірі
Алматы көшелерін араласаңыз, өз ана тіліңіздегі жарнамаларды түсіну үшін «аудармашы» қажет сияқты. Амалсыз орыс тіліндегі нұсқасын оқуыңызға тура келеді.
Тіпті, кейбір жерде жарнамасы мен атауы тек орыс тілінде жазылған жайттарды кездестірдік. Мәселен, Желтоқсан көшесінде орналасқан әйелдерге арналған шұлық сататын дүкеннің маңдайшасында тек «Мир Колготок» деген жазу ілінген. Ол аздай осы мекемемен бір шаңырақ астында орналасқан тағы бір кеңсе өз атауын «Налоговые услуги» деп, орысшасын жоғары жаққа жазып, заңда көрсетілген талапты бір бұзса, соның астына «Салық есептіліктері» деп мағына жағынан сай келмейтін аударма мәтін жазып қойған. Сол дүкеннен сәл ғана төмен түссеңіз, перделер сататын орыннан «Ролл Шторы Жалюзи» деген тек орысша жазылған маңдайшаға жолығасыз. Бір қарағанда, бұл жеке сектордың, яғни белгілі бір кәсіпкердің меншігі деп қарауға да болатын шығар. Бірақ кім болса да, Қазақстан жерінің ауасын жұтып, суын ішіп жатқан соң осы елдің заңын қастерлеп, соған бағынуы керек емес пе?
Бұл туралы «Тіл туралы» заңның 21-бабында «Ілінген жарнама қазақ және орыс тілінде болуы керек. Жарнама мен мекеме атауының қазақ тіліндегі мәтіні бірінші немесе жоғары жағына орналастырылып, орыс тіліндегі мәтін қарпімен бірдей болуы тиіс», – делінген. Яғни, барлық ескерілуі тиіс жайттар заңда тайға таңба басқандай жазылып тұр. Мұның астарында мемлекеттік тілді менсінбеушілік немесе оған немқұрайды қарау жатқан секілді.
Жекеменшік нысандардағы атаулар мен жарнамалық нұсқаулардан қазақ тілінің халіне қарнымыз ашқаны аздай, қала орталығындағы кейбір көше атаулары да тек орыс тілінде жазылғанын кім түсіндіріп бере алады? Мысалы, қалалық Ұстаздар үйі деген мекеме «Ул. Толе би 298» деген мекенжайда орналасқан. Бөлек қазақ тіліндегі нұсқасы атымен жоқ. Дәл сондай олқылықты «ул. Желтоксан 111» деген мекенжайдан да кездестіруге болады. Бұған қарап, мемлекеттік тілді менсінбеушілердің кесірі демеске амал жоқ.
Талап төмен
Ал аттап бассаң, алдыңнан шыға келетін орфографиялық, стилистикалық, грамматикалық қателер туралы айтудың өзі артық.
Ол қателер туралы айту үшін заңның кейбір тұстарын пысықтап алуымыз керек секілді. Жоғарыда айтқан «Тіл туралы» заңда орфографиялық, стилистикалық, грамматикалық қателер туралы арнайы бап қарастырылмаған. Сондықтан сот, прокуратура, қала әкімдігі ешкімді дәл осы мәселе үшін жауапқа тарта алмайды. Қате жібергендер, керісінше ол туралы қай заңда, қандай норма бар екенін көрсетуді талап етіп шығатын көрінеді. Тіл жанашырлары мен мамандар мұндай жағдай бірнеше рет болғанын БАҚ беттерінде жазып жүр.
көше атауы
Кейбір жарнама авторлары соған жүгінеді. Содан қазақ тіліне немқұрайды қарауға жол беріліп отыр.
Әкімдікте Тіл басқармасы жоқ
Ең қызығы, Алматыда тілдің қолданылуын тікелей бақылайтын мекеме жоқ. Бұрынғы Тілдерді дамыту басқармасы 2019 жылдан бері өз жұмысын тоқтатқан. Оның қандай себеппен қажетсіз деп табылғаны тек әкімдіктің өзіне ғана аян. Оның орнына «Алматы қаласы әкімі аппараты тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы» деген қандай құдіреті шектеулі мекеме ашылған көрінеді.
Көзбен көрген олқылықтарды алға тартып, сауалдарымызға жауап беруімізді сұрап, амалсыз осы мекемеге жүгіндік.
«Біз әкімдік атқарушы орган бола тұра, көшелердегі жарнамаларға тексеру жүргізу мүмкін емес. Себебі Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабы бар. Ол жерде қандай жағдайда кәсіпкерлік ұйымдарды тексеруге болатыны жайлы тізім жасалған. Ол тізімде «Мемлекеттік тілдің талаптарын бұзған жағдайда» деген бірауыз сөз жоқ. Одан кейін кез келген тексеріс жүргізу үшін құзыретті мекеме тексерісті алдымен прокуратурадағы тексерістерді тіркеу жөніндегі бірыңғай жүйеге енгізуі керек. Сол жер бізге тексеру парақшасын береді. Кәсіпкерлік кодексте «тіл туралы заңның талаптарын бұзған жағдайда» деген тармақ болмағаннан кейін олар бізге ондай тексеру парақшасын бермейді. Сол себепті біз ешқандай жарнама берушіге тексеріс жүргізіп, шара қолдана алмаймыз. Әкімдік тарапынан тек мониторинг жүргізіледі. Оның нәтижесі бойынша әкімшілік шара қолданылмайды, анықталған кемшіліктерді жою туралы ұсыным ғана бере аламыз», –дейді орталық басшысының міндетін атқарушы Бақыт Қалымбет.
Орталықтың бізге берген мәліметінше, қазір арнайы мониторинг тобы құрылған. Сонымен қатар Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойған.
«Соңғы кезде қоғамда кәсіпкерлік объектілерде тіл туралы заңнама талаптарының сақталуына қатысты мәселелер болады.
Осыған орай өткен жылы Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен қалада мемлекеттік тілдің қолданылуына мониторинг тобы құрылды. Оның құрамына жауапты мамандар, тіл жанашырлары, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енді.
Мониторинг топтың міндеті – тіл туралы заңнама талаптарын түсіндіру және кемшіліктерді жою жөнінде ұсыным беру.
Осы бағыттағы жұмысты жетілдіру мақсатында Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық.
Б.Қалымбеттің айтуынша, Алматы әкімдігінде жарнама эскиздерінің қазақ тіліндегі мәтінін тексеріп, келісім беру тәртібі жасалған. Осы тәртіп негізінде жыл басынан бері 4 мыңнан астам жарнама эскизіне келісім берілді. Соның ішінде 1 414 эскизге мамандар тарапынан түзетулер енгізілген.
Қорыта айтқанда, қала ішіндегі тілдік көрініс ғылымда лингвистикалық ландшафт деп аталады. Ол – ғимарат, көше, жол, көліктегі, іс-шаралардағы, ақпараттық жарнамалардағы тілдің қолданысы. Былайша айтқанда, ол қала тұрғындары санасының деңгейі деп айтсақ болады. Қазір Алматының лингвистикалық ландшафтына қарап отырып, бұл мәселенің әлі де ақсап тұрғанын байқауға болады.
Қалай десек те, жарнама тілінің «қисаймай», ақсамай тұрғаны маңызды. Бастысы, жарнама талапқа сай болып, сауатты жазылса, қанеки! Ендеше, сауатты жарнама үшін жұмылған жұдырықтай болып, бірге атсалысайық.
Нұрболат АДЫРБЕК
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через