Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта ұйымдастырылмақ

Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта ұйымдастырылмақ

               1 қыркүйекте ел мектептерінде салтанатты шаралар дәстүрлі форматта ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «1 қыркүйекте болатын Білім күні салтанатты іс-шарасы дәстүрлі форматта, мектеп аумағында 1-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Оларға салтанатты түрде алғашқы оқулығы Әліппе табысталады. Ал 2 мен 11-сынып оқушылары тікелей бекітілген кабинеттерге барып, сонда тақырыптық сынып сағаттарына қатысатын болады», - деді Асхат Аймағамбетов.

                Сонымен қатар министр мектеп формасына қатысты да ақпаратпен бөлісті. «Жаңа оқу жылында мектеп формасы негізінен сақталады. Бірақ, пандемия жағдайына байланысты мектепке классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуге де рұқсат беру бойынша шешім қабылданды», - деді ол. Оның атап өтуінше, барлық білім беру ұйымдарында цифрлық платформаларға қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады.