Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда өткізген Үкіметтің кеңейтілген отырысында қозғаған өзекті мәселесінің бірі еліміздің көлік-транзиттік әлеуетіне арналды. Соның ішінде автомобиль жол құрылысы саласын жемқорлық жайлап кеткенін қатаң сынға алған Президент мұнда нақты тапсырмалар берді. Тіпті, түбегейлі тексеріс жүргізіп, соңғы он жылда жүзеге асырылған жұмыстарды қопарып тексеріп, кінәлілерді жазаға тартуды талап етті. Осы ретте мамандар экономиканың күре тамыры саналатын автожолдар шаруашылығына әлдеқашан назар аударатын уақыт жеткенін айтады.
Жолы жамау
Сонымен, еліміздегі жолдың жыры Президентке дейін жетті. Басқа жер тұрмақ, Ақордаға апарар жолдың қырық жамау екенін сынға алған Мемлекет басшысы кешенді шаралар пакетін ұсынды. Бұл біздегі шаруашылыққа жауапты шенеуніктердің жол саласындағы жемқорлық пен жауапсыздық алдындағы шарасыздығын білдірсе керек. Өйткені мұнда мемлекеттік сатып алуда да, тендерде де, жол сапасында да, құрылыс жұмыстары мен материалдарында да, жол бойы қызмет көрсетуде де мәселе шаш етектен. Жыл сайын елімізде осы мақсатқа 600-700 млрд теңге бөлінеді екен. Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары үшін деп 600 миллиард қарастырылған. Бірақ бұл қаржының талан-таражға түсіп, жөндеу жұмыстарының созбалаңға салынып кетпесіне кепілдік беру қиын. Өйткені жол шаруашылығын жегі құрттай жемқорлық жайлап кеткенін Президенттің өзі де айтып отыр.
«Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Жарты жыл өтті. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. 464 млрд теңгенің 263 млрд теңгесі бойынша мемлекеттік сатып алу қорытындысы бар. Бұл жұмыс Павлодар (17%), Маңғыстау (24%) және Батыс Қазақстан (27%) облыстарында өте баяу жүріп жатыр.
Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу. 2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 триллион теңге болатын мемлекеттік келісімшарттар жасалды. Соның 40 пайызын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Отандық компанияларымыз конкурстарға белсене қатыспайды. Кейбір ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Тіпті, жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар. Мысалы, Қарағанды–Балқаш автожолын (363 шақырым) жөндеу жұмыстары 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл жобаның жалпы құны – 248 млрд теңге. Бас мердігері осы жұмысты басқа компанияға тапсырды. Ал бұл компания барлық жұмысты қосалқы мердігерге ысыра салған. Тіпті, 22 пайыз көлеміндегі үстемеақысын да ұстап қалған», – деді Президент.
Мемлекет басшысы автожол саласына түбегейлі реформа жасайтын уақыт жеткенін айтып отыр. Сондықтан да Үкіметке бір-бірінің жұмысын қайталаумен ғана айналысып отырған «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодор» мекемелерін біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырды. Нәтижесінде, қызметкерлердің саны да қысқармақ. Сондай-ақ Президент бұл саланы кешенді түрде қайта жаңғырта түсу үшін FIDIC халықаралық қағидаттарын енгізуді ұсынды. Жүзден астам ел пайдаланып отырған бұл жүйе жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бермек.
Aikyn.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через