фото: Aikyn.kz
Қазақстан мен Қытай арасындағы шағын өткізу пункттерінде жұмыс жандана бастады.
Қатынас жеңілдеп, барыс-келіс біртіндеп артып келеді. Бұған әсіресе шекараның екі жағында қалған қандастар ерекше қуанып жүр. Визалық шектеуден жылдар бойы туған-туысын көрмеген олар, жаңа келісімнің арқасында бір-бірімен қауышуға мүмкіндік алды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші: - Визасыз режим туралы келісімнің күшіне енгеніне он шақты күн болды. Көршілес елмен шекарадағы өткізу пункттерден жергілікті тұрғындар да, кәсіпкерлер де, туристер де өте бастады. Көлік қатынасы да едәуір жақсарып келеді.
Шекарадан визасыз өткендердің бірі жергілікті шопан Шатықанбай. Ол жұбайы Ұлыдаймен бірге 6 жыл көрмеген туған-туыстарына асығып барады. Олар халықаралық автовокзалдан автобусқа мініп, алғаш рет Алматыға қарай алған беті осы. Қандастардың қуанышында шек жоқ. Жалпы Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданындағы Дулата құрлық порты Қорғасқа қарағанда аса танымал емес. Алайда жергілікті тұрғындар оның болашағына зор үміт артады. Барыс-келіс артып тұрақты жұмыс орындары ашылса деген ниетте. Импорт пен экпорт артып кәсіпкерлікті дамыту жоспарда.
Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстанда тұратын қандастар кезінде заңды түрде қытайдың азаматтығынан шығып Қазақстан азаматтығын алған кісілер де қытайға кез келген уақытта келе алатын мүмкіншілікке ие болып отыр.
Біз білеміз кейбір азаматтар шекараның екі жағында қалып қойған. Қазір осы визасыз режимнің арқасында туған-туыстар өзара қауышатындай мүмкіншілік алып отыр. Бұған тек қазақстандықтар ғана емес, қытайлық кәсіпкерлер де мәз. Бұрын айына бір рет өтетін саудагерлер енді күнделікті еркін өтіп жүр.
Вэнг Юлин, кәсіпкер: - Мен 20 жылдан бері кәсіпкерлік саласында жұмыс істеймін. Қазақстанға қатынау айтарлықтай жеңілдеді. Мәселен биыл мен көрші елде 5 рет болдым. Бұрын бұл мүмкін емес еді. Біз ол жаққа бару үшін көп күш салатынбыз. Қазір бір күнде барып саудамызды жасап келесі күні қайтып келіп жүрміз.
Руслан Бақытбекұлы, тілші: - Қазіргі уақытта бұл порт арқылы көбінесе Қытай жақтан тауар көп өтеді. Жергілікті кәсіпкерлер келешекте Қазақстаннан сиыр етін көптеп алуды көздеп отыр. Нарықта сұраныс бар. Жалпы бұл құрлық порты жылына 2 миллион тоннаға дейін жүк өткізуге қауқарлы. Алайда бүгінде 20 пайыздық қуаттылықпен жұмыс істеп тұр. Енді визасыз режимнен кейін бұл көрсеткіш арта түсері анық.
Ақпарат дереккөзі: 24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через