фото: Bugin.kz
Фото: bugin.kz
Вейп деп аталатын электронды темекі бүгінде тез таралып кетті. Оның шылымға, қаламға немесе футуристік гаджеттерге ұқсайтын нұсқалары бар. Жұмыс істеу механизмі бірдей: олар құрамында никотині бар сұйықты қыздырады (никотин жоғы да бар).
Вейп сұйықтығының құрамындағы негізгі ингредиенттер - глицерин және пропиленгликоль. Мұндай сұйықтық қызған кезде темекі түтіні емес, бу пайда болады. Егер сұйықтықта никотин болса, адам никотинді бумен демалады. Ал егер жоқ болса, адам хош иісі бар бумен тыныс алады.
Вейп ауызда жарылып кетуі мүмкін бе?
Иә, мұндай жағдай болған және болашақта да болуы әбден мүмкін. 2019 жылы 17 жастағы америкалықтың аузында вейп жарылып кеткен. Бозбаланың тістері мен иегі сынған. Сол жылы тағы бір 25 жастағы АҚШ тұрғыны вейптің кесірінен қайтыс болды.
FDA америкалық азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы мәліметтері бойынша, вейптің не себепті жарылғаны әлі белгісіз. Батареяда ақау болуы да мүмкін.
Мұндай келеңсіз жағдай болмауы үшін ведомство қызметкерлері бірнеше кеңес ұсынады. Ең әуелі, нұсқаулықты мұқият оқып шығыңыз. Одан соң ауа райы ыстық мезгілде вейпті тікелей күн сәулесінде немесе көлікте қалдырмау керек.
Құрылғыны диванға немесе жастыққа емес, үстелге отырғанда ғана зарядтаған жөн. Өйткені ол өзі қосылып, қызып кетуі мүмкін. Сондай-ақ басқа құрылғылардың батареясын ешқашан вейпке пайдаланбаңыз.
Вейптің денсаулыққа қандай әсері бар?
Пульмонолог мамандар құрамында канцерогендер бар бу организм үшін өте қауіпті екенін ескертеді. Улы заттардың әсері астма, пневмония, жүрек-қан тамырлары ауруларының өршуіне әкелуі мүмкін. Вейптің кәдімгі темекі шегуден айырмашылығы, электронды буландырғыштарды шегу кезінде адам түтінмен емес, бумен дем алады. Будың құрамындағы заттардың бір бөлігі өкпеге, ал қалғаны қоршаған ортаға енеді. Мұның кесірінен тыныс алу жолдарының жұмысы қиындай түседі. Сонымен қатар ағза тез қартаяды. Ал кей жандар электронды темекілер никотинге психологиялық тәуелді болудан арылуға көмектесе алады деп ойлайды. Алайда вейп буланған кезде адам ағзасына улы зат түсетіндіктен, денсаулыққа одан әрі зияны тие беретінін ескеріңіз.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через