Вакцинаның екінші компонентін алмаса "жасыл" мәртебесінен айырыла ма?

Вакцинаның екінші компонентін алмаса  "жасыл" мәртебесінен айырыла ма?

Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысында вакцинацияланған азаматтар Ashyq қосымшасында "жасыл" мәртебесін қандай жағдайларда жоғалтатыны жазылған. 

Қаулы бүгін, 27 қыркүйекте күшіне енді. 

Құжатта азаматтарға коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы компонентін алғаннан кейін бірден "жасыл" мәртебе берілетіні айтылған. Бұл мәртебе оларда 21 күн бойы сақталатын болады. Егер осы уақыттан кейін адам екінші компонентті алмаса, оның мәртебесі автоматты түрде "көкке" ауыстырылады. 

Ал COVID-19-ға қарсы толық вакциналау курсынан өткендер үшін "жасыл" мәртебе бір жыл бойы сақталады. 

"Сары" статусы бар (науқастармен байланыста болған) адамдар вирус жұқтырған адаммен байланыста болған күннен бастап күнтізбелік 14 күн өткен соң "көк" түске ауыстырылады.

Еске сала кетейік, үш ай ішінде коронавируспен ауырғандар, медициналық рұқсатнамасы барлар, жүкті әйелдер, сондай-ақ бір апта ішінде ПТР талдауын тапсырған азаматтар “Ashyq” қосымшасында “жасыл” мәртебеге ие. 

Айта кетсек, 27 қыркүйектен бастап салтанатты, еске алу және отбасылық шараларды (банкет, үйлену тойы, мерейтой) өткізуге рұқсат берілді. 

"Жасыл" аймақта тұрған өңірлерде зал 50%-ға дейін ғана толуы керек, 100 орыннан аспауы шарт.

"Сары" аймақта да 50%-ға дейін, 70 орыннан аспауға тиіс.

"Қызыл" аймақта 50%-ға дейін, 50 орыннан аспауы керек.