фото: Фото: bugin.kz
Адам бірнәрседен жиіркенсе немесе суық тигенде, ұшық шығып кетеді. Оны медицина тілінде герпес деп атайды.
Ұшық қай кезде пайда болады?
Ұшық - ерін маңына немесе беттің басқа жерлеріне шығатын бөртпе. Жалпы бұл ауру денеде қарапайым герпес вирусы болса пайда болады.
Қарапайым герпес вирусының екі жалпы түрі бар:
1 типті HSV (HSV-1) көбінесе бетке шығады.
2 типті HSV (HSV-2) көбінесе жыныс аймағында пайда болады.
Ұшығы бар адам ерін бальзамы, сүлгісі, ыдыс-аяғы секілді заттары арқылы өзгеге жұқтыруы мүмкін. Көбінесе адамдар балалық шағында немесе жасөспірім кезінде ауырады.
Кейбір адамдарда вирустың белгілері өмір бойы байқалмайды. Ал біреулерде иммунды жүйесі әлсірегенде, қатты стресстен кейін немесе ауырып жүрсе, ұшық шығып кетуі мүмкін.
Әдетте герпес жағымсыз болып көрінгенімен, қауіпті емес. Алайда қатерлі ісікпен ауыратын адамдарға ұшықтың өзі денсаулығына жаман әсер етеді.
Ұшықты қалай емдеуге болады?
Герпес көбінесе өзімен-өзі кетіп қалады. Ал жалпы шығып, жойылғанша 5-10 күн кетеді. Бұл вирустан ешқашан құтыла алмайсыз. Өйткені ол жүйке жүйесінің жасушаларында өмір сүреді. Сонымен қатар түбегейлі емдеу мүмкін емес. Алайда оны кетіруге арналған дәрі-дәрмек, мазь түрлері бар.
Ұшық екен деп, салғырт қарай салмаңыз. Егер ұзақ уақыт бойы кетпесе, дәрігерге барған жөн. Мамандар бұл жағдайда вирусқа қарсы препараттар тағайындай алады. Сіздің аурудың деңгейіне қарай крем түрінде немесе ішетін дәрі түрінде береді. Сондай-ақ дертіңізді жеңілдету үшін анестетикті гельдерді жағуға болады. Симптомдарды азайтып, ауруды басу үшін антигерпетикалық препараттар ұсынады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через