фото: razrisyika.ru
Ұлттық киім - ұлттың айнасы. Қазақ халқы бағзы заманнан бері сан түрлі киім үлгілерін жасап, олардың басқосудың мағынасына қарай кие білген. Киім жай ғана шүберек емес. Ол белгілі бір ұлттың, мәдениеттің бет бейнесін көрсетіп тұратын ғажайып дүние. Оның эстетикалық, этно-мәдени, қоғамдық мәні зор.
Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол - біздің ұлттық мәдениетіміз! Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жоамрт Тоқаев Наурызнама онкүндігінің бір күнін Ұлттық киімге арнау туралы шешім қабылдады.
Наурыз жер жүзіндегі 300 миллион адамды біріктіретін ұлық мереке. Бұл халықтар үшін Ұлыстың ұлы күні ұлттық киімін жаңғыртатын мезгіл.
Әз Наурызды негізінен біз сияқты Шығыс халықтары тойлайтындықтан киім жағынан көп айырмашылық жоқ. Бірақ өзім байқаған бір өзгешелік бар.
Әзірбайжанда Наурыз мейрамын ашық және түрлі-түсті ұлттық киімдерімен қарсы алуға барын салады. Әсіресе мұны мерекелік телебағдарламалар барысында кеңінен байқауға болады. Бұл елде ұлттық киімді көп жағдайда өз мәдениетіне тән музыка - мугам және басқа халық әндерін орындаушылар, эстрада жұлдыздары мен тележүргізушілер киеді, деп жазды 24.kz.
«Әзірбайжанда Наурыз мейрамында сыртқы түрге, яғни ұлттық киімге айрықша мән беріледі. Наурыз бен ұлттық киім ежелгі әзербайжан мәдениетін айқын білдіріп тұрады. Қыз-келіншектердің көйлегі көбіне жібек пен барқыттан тігіліп, күрделі кесте және әдемі алтын өріммен безендіріледі. Ал ер адамдардың киімі мәуіт және кашемирден жасалады. Бұл ерекше айбар беріп, қимыл-қозғалысты жеңілдетеді. Сондай-ақ ұлттық киімге қазіргі заманның сұранысына сай ою-өрнектер де салынады». Гүлнар Халилова, модельер-дизайнер
Ұлттық киім кию міндеттелді
Тәжікстанда мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қыз-келіншектерге биыл 1 наурыздан бастап ұлттық киім кию міндеттелді. Бастамаға Әйелдер және отбасы жөніндегі комитет мұрындық болған. Талап 31 мамырға дейін, яғни көктемнің соңғы күніне дейін сақталмақ. Әдетте тәжіктің ұлттық киімі атлас және чакан мен адрас деген маталардан тігіледі. Жылда осы уақытта олардың бағасы қымбаттайды. Мәселен, атластан жасалған көйлек қазір кемі 500 сомони тұрады. Бұл біздің валютаға шаққанда 20 мың теңгеден асады.
Өзбектердің Наурыздағы ұлттық киімі
Өзбектер Наурызда әдетте шапан киеді. Оның белін жалпақ орамалмен байлап алады. Үстіне куйлак деп аталатын жейде және иштон деген шалбар киеді. Басында әрине тақия. Оны өзбекше дуппи деп атайды. Ал қыз-келіншектер куйлак, яғни көйлек киеді. Өзбек аруларының ерекшелігі - шаровар, яғни шалбармен жүреді. Сыртынан мурсак шапанын және қажет етсе қамзол киеді.
Айырқалпақты ағайынның ұлттық киімі
Бір туған қырғыздың Наурыздағы басты киімі - әрине айыр қалпақ. Ол ақ киізден тігіледі. Негізі дәстүр бойынша қырғыздар айырқалпақты ұлдарына 6 жастан кигізе бастайды. Сондай-ақ Наурыздағы негізгі атрибут - шапан. Ал қыз-келіншектер жағы ұлттық көйлек, белдемше және басына элечек киеді. Бұл біздіңше кимешек.
Қарап отырсақ, бүгінгі «Шартарапта» біз арнайы тоқталған тәжік пен өзбектің киімі ерте көктемнің суығына төзімсіздеу. Жұқа маталардан жасалады. Өйткені олар отырықшылықты ертеден әдетке айналдырды. Ал қазақ пен қырғыздың киімі киіз сияқты жылы нәрседен жасалған.
Жуырда Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев өзінің депутаттық сауалында ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту қажет екенін айтқан болатын, деп жазды kaz.inform.kz.
«Ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш. Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай елміз. «Біріншіден – ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді. Екіншіден – мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосу. Үшіншіден – ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарда ұлттық киім кәсібіне басымдық беру, халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру. Төртіншіден - мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу әрі халықаралық түрлі жарыстарға баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу», - деген еді Мәжіліс депутаты.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через