Ұлыбритания үкіметі коронавируспен күреске бағытталған күзгі және қысқы стратегиясымен таныстырды, деп хабарлайды «Хабар 24». Премьер-министр Борис Джонсон елдегі жағдай екі түрлі сценариймен дамуы мүмкін екендігін ескертті. Биліктегілер локдаунның қайта жарияланбайтындығынан үмітті. Олар әзірге вакцинаның үшінші дозасын салумен шектелуді жоспарлап отыр.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші: - Ұлыбритания ковидке қарсы күресті күшейту үшін медицина қызметкерлеріне, 50-ден асқан кісілерге және денсаулығы әлсіз топтардың мүшелеріне вакцинаның үшінші дозасын салуды қолға алады. Борис Джонсон үкіметі осылайша, бустерлік екпенің күшімен қыста қаһарына мініп, экономиканы құлдыратуы мүмкін кезекті локдауннан сақтануды жоспарлап отыр. Джонсон сонымен қатар эпидахуал күрделенген жағдайда жүзеге асуы мүмкін жоспарымен де бөлісті.
Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі: - Қазір біз ковид-төлқұжат енгізіп, оны талап етуді қажет деп тауып отырған жоқпыз. Бірақ бизнес нысандарының жабылып қалмай еркін жұмыс істеуі үшін бұл мәселені қайта қарауымыз мүмкін. Біз сондай-ақ жабық жерлерде маска тағуды қайта міндеттеп, үйден жұмыс істеуге шақыруымыз ықтимал. Сайып келгенде, локдаунға қайтып оралмаймыз деген сенімдеміз.
Мамандардың пікірінше, бустерлік вакцина екінші дозадан кейін 6 ай өткен соң салынады. «Үшінші екпе ретінде Pfizer және Moderna таңдалып отыр және алдыңғы қос дозаның қай брендтен болғаны маңызды емес», - дейді олар. Бұдан бөлек, бустердің 50 жасқа дейінгі адамдардың барлығына дерлік қажет болмауы ықтимал.
Вэй Шэнь Лим, Вакциналау және иммунизациялау бойынша біріккен комитеттің төрағасы: - Иммунологиялық принциптерге сәйкес вакциналау кезінде жастардың ағзасы әдетте егде жастағылардыкіне қарағанда өте жақсы иммунналық реакция тудыратынын білеміз. Сондықтан жас буын өкілдері мен денсаулығында кінәрат жоқ адамдар үшін бустерлік дозаның керек болмауы әбден мүмкін.
Қазіргі уақытта 67 миллиондай халқы бар Ұлыбританияда ковидтен 134 мыңнан астам адам көз жұмып отыр. Ресми мәліметтерге сәйкес, ковидке қарсы вакциналар бүгінге дейін 112 мыңнан астам адамның өмірін өлімнен, ал 24 миллион халықты ковид жұқтыру қаупінен құтқарып қалған.
мәтіндегі материал туралы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через