Ұлыбританияда қарызға белшеден батқандар көбейді

Ұлыбританияда қарызға белшеден батқандар көбейді
фото: DANIEL SORABJI

Ұлыбританияда өткен жылы 4 миллионға жуық адам кедейшіліктің қамытын киген. Олардың 1 миллионға жуығы — бала. Биыл да бұл жағдай жалғасып жатыр. 16 миллионнан астам тұрғын комуналдық төлемді кешіктіріп, несие мен тұрғын үй салығын төлей алмай қиналуда. Олардың 2 миллионы мұндай жағдайға бірінші рет тап болған.

Лондон тұрғыны Кэрри Банда — қарыздан құтылудың жолын іздеп жүргендердің бірі. 20 000 фунт берешегі бар және ол сома күн санап өсіп келеді.

«Бөліп төлесем де бітетін түрі жоқ» деп налиды. Кэрри аптасына екі күн дәрігердің көмекшісі болып жұмыс істейді. Жалақысына қоса жәрдемақы алса да, ішіп-жеміне жеткізе алмайды. Ол бүгін азық-түлікпен тегін қамтамасыз ететін қайырымдылық ұйымына тағы да қол жайып келді. 

«Мен жалқау емеспін. Өте көп жұмыс істеймін. Бірақ әлеуметтік жағдайым қиын», - дейді Кэрри Банда.

Статистикаға сәйкес, кедейшілік қамытын кигендердің арасында жергілікті бюджетке берешегі барлар көп. Олар жәрдемақыларының тең жартысын тұрғын үй салығы үшін төлеуге мәжбүр. Бұған коммуналдық ақы мен несиені қосыңыз. Әсіресе, балалы отбасыларға қиын. 

«Жарты күн істеп, еден жуушы болып тапқан табысымды газ бен жарыққа әрең жеткізіп жүрмін. Күн салқындаған соң газға үш есе көп ақы төлейміз. Өткен жылы пәтердің температурасы минус екі болып, қымтанып жатуымызға тура келді. Өйткені берешегім болған соң газ сөніп қалды», - дейді жалғызбасты ана Жасмин Генри. 

Өмір сүру құнының қымбаттауы мен банктегі пайыздық мөлшерлеменің өсуі халықтың мойнына қарыз қарғыбауын тақты. Ұлыбританиялықтар тұтынушылық несие мен ипотека бойынша бұрынғыдан көп төлеуге мәжбүр. Бұдан бөлек пәтер жалдау ақысы 12 пайызға қымбаттап отыр. Бұл соңғы тоғыз жылдағы ең жоғарғы өсім. Биліктегілер болса, кедейшілікпен күрес қарқынды жүріп жатыр деуден әрі аса алмай отыр. 

«2010 жылдан бері кедейшіліктің қамытын кигендердің саны 1,7 млн адамға азайды. Олардың 400 мыңы бала. Бірақ біз қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Министрлік күнкөріс минимумын жабу үшін 800-дей табысы төмен отбасыға миллиондап жәрдемақы төледі. Мүмкіндігі шектеулі 6 млн. адамға да қол ұшын создық. Сәуір айында күнкөріс минимумы 9,7 пайызға өсті», - дейді Ұлыбританияның Еңбек және зейнетақы министрі Мэл Страйд.

Қаржылық сауаттылықты арттырумен айналысатын мемлекеттік мекемедегілердің айтуынша, әрбір жетінші борышкер мәселені шешу үшін еш әрекет етпейді. Ал бұл болашақта оларға үлкен қиындықтар туғызатыны сөзсіз. Жағдайды күрделендірмеу үшін ыңғайлы төлем схемасын ұсынатын компанияға дереу хабарласулары қажет. Сарапшылар керісінше, инфляциямен күресті күшейту керек дейді. Өйткені халықтың тапқан-таянғанын қымбатшылық еселеп жұтып жатыр. 

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото gb5kirov.ru