фото: bangkokbook.ru
Англияда үйсіздердің саны шамамен 7 процентке өсті. Жергілікті билік тұрғын үй дағдарысын еңсере алмай келеді. Өткен жылы баспанасыз қалған отбасылар мен далада қалу қаупі төніп тұрғандардың саны үш жүз мыңға жеткен. Олардың арасында балалары бар жүз мыңнан астам отбасы бар.
Ұлыбританияның Премьер-министрі Риши Сунактың бір жыл бұрын Рождество алдында ерікті ретінде Лондондағы үйсіздерге таңғы ас таратқаны бар. Үкімет басшысы Дин есімді азаматтан бизнеспен айналысасыз ба деп сұрады. Ол үйсіз-күйсіз екенін, тек аман қалудың амалын іздеп жүргенін айтты.
Осы оқиғадан кейін халық біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді, деп Премьерді айыптады. Өйткені Сунак үшінші Чарльз Патшадан да бай адам екенін бәрі біледі.
«Премьер-министр елде бәрі тамаша деп жылы жауып қойғысы келеді. Бірақ біз әр апта сайын оның шынайы өмірден қаншалықты алшақ екенін аңғарып жүрміз. Сыртқы қарыз 2010 жылдан бері екі есе өсті, экономикалық өсім баяулады, салықтың көлемі көбейді, экономика құлдырады. Апта сайын баяғы жартас - бір жартас, бұрынғы проблемаларды талқылаймыз да отырамыз», - дейді оппозициялық Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.
Өткен жылы жарияланған бағдарламасында консерваторлар үкіметі тұрғын үй дағдарысын еңсеру үшін бұл салаға алдағы үш жыл ішінде екі миллиард стерлинг фунтын құюға уәде еткен болатын. Бұдан бөлек пәтер жалдаушылардың далада қалуының алдын алу үшін үй иелеріне ақша төлеуге, жаңа баспана іздеуге көмектесуге және басқа жерге көшуіне қаржылық көмек беруге тағы бір миллиард фунт инвестиция салатынын айтты.
«Біз әрбір отбасын қауіпсіз және жайлы баспанамен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жастардың үйлі болуларына мүмкіндік жасауға тырысамыз. Консерваторлар миллиондаған жаңа тұрғын үй нысандарын салу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр», дейді Ұлыбританияның Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық министрі Майкл Гоув.
Үкімет өз уәдесін толық орындай алды ма? Жоқ, әрине. Өйткені бюджетте қаражат тапшы. Тек Лондонда үйсіздерге қол ұшын созу үшін жарты миллиард стерлинг фунты жетіспейді.
Баспанасыздардың саны бойынша Манчестер көш бастап тұр. Жергілікті қайырымдылық ұйымдарының мәліметі бойынша, қаланың әрбір сексенінші тұрғынының тұрақты мекен-жайы жоқ.
«Түнде өте суық, далада ұйықтау қиын. Күн сайын таңертең денемді сәл жылыту үшін ерте тұрып, жаяу жүремін. Кеше түнде қатты жаңбыр жауды. Дүкеннің алдындағы шатырдың арқасында ғана құрғақ қалуым мүмкін болды», дейді Манчестердің үйсіз тұрғыны Марк.
Өмір сүру құнының өсуіне байланысты жеке сектордағы пәтер жалдау ақысы да күрт өсті. Тіпті жұмыс істейтін адамдар да үй-жәй жалдай алмай қиналуда. Арзан бағадағы муниципалды тұрғын үй жалдағысы келетіндер өте көп болғандықтан кезекті ұзақ уақыт күту керек.
«Мен пәтерді бір тәулікке жалға алдым. Енді Лондонда заттарымды арқалап жүрмін және осы түнде қайда қонатынымды білмеймін», дейді Лондонның үйсіз тұрғыны Николь Уильямс.
Үйсіздер туралы жаға ұстарлық деректер жарияланғаннан кейін, бүкіл ел бойынша бірқатар қайырымдылық ұйымдары Тұрғын үй жәрдемақысының көлемін ұлғайту қажеттігін айтты.
«Тұрғын үй жәрдемақыларын өсіруге тыйым салып тастады. Инфляцияға байланысты пәтер жалдау ақысы өсті, бірақ жәрдемақы өзгеріссіз қалып отыр. Олар баспанасыздарды қолдауға арналған еді. Бірақ қазір көлемі аз. Үкімет жәрдемақыны мүмкіндігінше тезірек көтеруі керек», дейді Ұлыбританияның Баспанасыздарды қолдауға арналған қайырымдылық ұйымының атқарушы директоры Полли Нит.
Дереккөз inform.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через